Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

Қызылорда облысында тұрғын үйге ұрлыққа түскен ауыл тұрғындары ұсталды

Қызылорда облысының Арал ауданында тұрғын үйдің аумағына кіріп, шаруашылық заттарын ұрлаған екеу ұсталды, – деп хабарлайды Polisia.kz.

29 наурыз күні кешкі уақытта Қызылорда облысы Арал ауданының 23 жастағы тұрғыны полицияға хабарласып, біреулердің үйіне ұрлыққа түскенін айтқан. Үй иесінің айтуы бойынша белгісіз біреулер тұрғын үйдің аумағына кіріп, құрылысы бітпеген сарайының құлпын бұзып, шаруашылық заттарын қолды қылған. 

Хабарлама алған полиция қызметкерлері дереу оқиға орнына жетіп, тиісті тексеру жұмыстарын жүргізді. Өткізілген жедел-іздестіру жұмыстарының нәтижесінде тұрғын үйге ұрлыққа түскен екі күдікті анықталып, аудандық полиция бөліміне жеткізілді. 

Қазіргі таңда күдіктілерге қатысты Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 188-бабының 3-бөлігімен (Тұрғын, қызметтiк немесе өндiрiстiк үй-жайға, қоймаға не көлік құралына заңсыз кiрумен жасалған ұрлық) сотқа дейінгі тергеп-тексеру амалдары жүргізілуде.

Күдіктілердің кінәсі дәлелденсе сот шешімімен олардың мүлкi тәркiленіп, екі жылдан жетi жылға дейiнгi мерзiмге бас бостандығын шектеу, не сол мерзімге бас бостандығынан айыру түріндегі жазаға тартылуы мүмкін.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру