Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

Қызылорда облысының ПД Тергеу басқармасының бастығы электрондық форматта іс жүргізу туралы айтып берді

Қызылорда облысының ПД Тергеу басқармасының бастығы Әбдібек Жаназаров электронды форматта іс жүргізу жүйесінің ерекшеліктері туралы айтып берді, – деп хабарлайды Polisia.kz.

“Цифрлы Қазақстан” бағдарламасының негізінде “Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне құқық қорғау қызметінің процестік негіздерін жаңғырту мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы” Қазақстан Республикасының 2017 жылғы 21 желтоқсандағы Заңының шеңберінде 2018 жылдың 1 қаңтарынан бастап Қазақстанда қылмыстық істерді тергеу санаттарына қарай кезең-кезеңмен электронды форматта жүргізуге көшіру басталды.

Электронды қылмыстық істің ерекшелігі:

Біріншіден, цифрландыру саласындағы жаңа технология қылмыстық істерді тергеу процестерінің мерзімін қысқартады, сондай-ақ сапаны жақсартып, шығындарды азайтады (мысалы, тергеу әрекеттері жеңілдетіледі, орасан зор қағаз шығындары үнемделеді, қылмыстық істі зерделеуге жолдау, оны кері алу бұрынғыдай уақыт алмайды).

Екіншіден, сыбайлас жемқорлық сипаттағы тәуекелге, яғни бұрмалауға жол берілмейді, қылмыстық іс қозғалған сәттен бастап сотқа жолданғанға дейінгі қылмыстық процестің айқындылығын қамтамасыз етеді, қылмыстық істердің жоғалуына жол берілмейді.

Үшіншіден, бақылау күшейеді. Мысалы, рұқсаты бар басшы кез-келген істі қарап, зерделеп, тиісті баға бере алады.

Төртіншіден, жәбірленуші, айыпталушы, адвокат істің қалай қаралып жатқанын кез келген уақытта онлайн режимде көре алады.

Бесіншіден, электронды шағымдар модулі жұмыс істей бастайды.
Сондай-ақ, электрондық қылмыстық істің тағы бір артықшылығы қашықтан санкциялау болып саналады. Енді тергеу барысында  күдіктіге қамауға алу түріндегі  бұлтартпау шарасын белгілеу үшін істі ешқайда апарудың қажеті жоқ. Санкциялау үрдісі бейнеконференц байланыс режимінде өтетін болады. Бұл уақыт шығындарын қысқарту, айыпталушының қашу тәуекелдерін жоюға мүмкіндік береді. Сотпен санкцияланатын тергеу әрекеттері де электронды жүргізіліп, уақыт үнемделеді.

Бастысы, қылмыстық істі сотқа дейінгі тергеп-тексеру өкілеттігі бар қызметкерлерде қылмыстық істі тергеу барысында тәртіп қалыптастырады. Себебі, электрондық форматта қылмыстық істерді тергеу әрекеттерін уақтылы орындап, оны СДТБТ базасындағы “е-ҚІ” модулінің жүйесіне уақтылы енгізбеген жағдайда оны өзгертуге жол берілмейді. 

Осы мақсатта Қызылорда облысы Полиция департаменті электронды форматта қылмыстық іс жүргізуге мүмкіндік беретін 266 жұмыс орнымен қамтамасыз етілген.

2020 жылы Қызылорда облысы ПД бөліністерінің өндірісінде болған қылмыстық істердің 71 пайызы, яғни 3827 қылмыстық іс электронды форматта жүргізілген.

Қазіргі таңда істердің 83,2 пайызы электронды түрде жүргізілуде.

Сонымен қатар, 2021 жылдың 1 қаңтарынан бастап күшіне енген “Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне қылмыстық іс жүргізу және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл кезінде азаматтардың құқықтарын қорғауды күшейту мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы” Қазақстан Республикасының 2017 жылғы 21 желтоқсандағы Заңының шеңберінде сотқа дейінгі тергеп-тексеру нәтижесімен тоқтатылған немесе мерзімі үзілген қылмыстық істер бойынша қабылданған шешімдерді қадағалаушы орган бақылап отырады. Қысқа мерзімде шешім қабылданып, қылмыстық істердің созбалаңға салынуына жол берілмейді. 

Қолданысқа енгізілген жаңа заң аясында прокуратура органдары биылғы жылдың қаңтар айында 412 процестік шешімді бекітіп, 16 процестік шешімнің күшін жойды.

Болашақта бұл процесс, яғни электронды форматта іс жүргізу жүйесі азаматтардың қылмыстық құқық бұзушылық туралы шағымдары мен хабарламары тіркелгеннен бастап жүзеге асатын болады.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру