Қызылордада бірнеше қала тұрғындарын сан соқтырған алаяқ қамауға алынды
Қызылордалық полицейлер өткен жылдан бері Алматы, Тараз, Кентау және Түркістан қалаларының тұрғындарын алдап келген алаяқты қолға түсірді, – деп хабарлайды Polisia.kz.
32 жастағы азамат жарнама сайттарының біріне сатылымға шыққан көліктерді көріп, алдын ала төлем жасау арқылы көліктерді алып кетіп, иелеріне бірнеше күнде қалған ақшаны орнына қоюға уәде еткен. Өзі бұл уақытта алған көліктерді қымбат бағаға бөтен адамдарға сатып жіберіп отырған.
Бұдан бөлек, көліктерді есептен шығартып, тұрғындарды көліксіз қалдырған. Ақырында алданған тұрғындар өтірікке толы уәдесін орындамаған азаматтың үстінен полицияға арыз түсірген. Жедел-іздестіру шаралары барысында полиция қызметкерлері бұл қылмыстарға қатысы бар деген күдікпен Жаңақорған ауданының тумасын қолға түсірді.
Ұсталған азаматтың бұған дейін де қылмыстық тәжірибесі бар екені белгілі болды. Қазіргі уақытта полиция қызметкерлері алаяқтан зардап шеккен басқа да азаматтарды анықтау бойынша жұмыс жүргізуде. Жер сипап қалған алданушылардан мүмкіндігінше бой тасалап жүрген алаяққа қатысты Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 190-бабы (Алаяқтық) бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеру әрекеттері жүргізілуде.