Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

Қызылордада сотталған азаматтарды еңбекпен қамту мәселелеріне арналған кездесу өтті

Қызылорда қаласындағы ЗК-169/5 түзеу мекемесінде жазасын өтеп жүрген азаматтарды жұмыспен қамту, жаңа жұмыс көздерін ашу мақсатында жеке кәсіпкерлермен кездесу өтті, – деп хабарлайды Polsia.kz.

Қызылорда облысы бойынша Қылмыстық-атқару жүйесі департаменті бастығының орынбасары  Жүніс Әбдіқайыровтың төрағалығымен өткізілген кездесуге №5547 әскери бөлімінің, облыстық прокуратураның, Кәсіпкерлер палатасының, “Еңбек-Қызылорда” РМК филиалының қызметкерлері және мекемелерде сотталғандардың еңбегін ұйымдастыру тобы мен жеке кәсіпкерлер қатысты.

Кездесудің басты мақсаты- кәсіпкерлерді түзеу мекемесі аумағында жеке кәсібін ашуға шақырып, жазасын өтеушілерді жұмыспен қамту.

Қазіргі таңда ЗК-169/5 мекемесінде  жұмысқа жарамды 588 сотталған азамат жазасын өтеуде, 359 азамат жұмыспен қамтылған. Мекеменің өндірістік аймағында 10 кәсіпкер жұмыс істейді.

Сотталғандардың еңбегін ұйымдастыру тобының бас маманы Қ.Даутбаев жазасын өтеушілердің жұмыспен қамтылуы мен жеке кәсіпкерлердің шығарған өнімдері туралы баяндады. Ол кәсіпкерлерді мекеменің өндіріс аймағында  жұмыс істеп тұрған тігін цехы, газоблок, пескаблок, кірпіш цехы, қолөнер бұйымдары, ағаш өнімдерімен таныстырып шықты. Мысалы, мекеменің өндірістік  аймағында сотталғандарды келісім шарт негізінде жұмыспен қамтып отырған “Ержас-2013” ЖШС  күніне 300 дана газоблок өнімін шығарады.

Кездесу барысында Ж.Әбдіқайыров “Еңбек-Қызылорда” филалының директоры Е.Садабаевқа “Еңбек-Қызылорда” балансындағы бос ғимараттарды жеке кәсіпкерлерге жеңілдік шарттарымен ұсынып, жаңа жұмыс көздерін ашуға тапсырма берді.

 – Еңбек-бас бостандығынан айырылғандарды тәрбиелеудің, қоғамға әлеуметтік бейімдеудің  маңызды тетігі. Сондықтан жеке кәсіпкерлермен арнайы келісім шарт негізінде тығыз жұмыс істейміз. Бүгін кәсіпкерлерді осы мекемеге шақыруымыздың себебі, оларға өндірістік аймақтағы бос ғимараттарды көрсету, өз жобаларын  жүзеге асыруға көмектесу. Жазасын өтеушілер үшін де жұмыспен қамтылу өте маңызды. Білікті жұмыс күші де осы жерден табылады. Әсіресе бұл ұсыныс ісін жаңа бастаған кәсіпкерлер үшін тиімді, – деді Департамент бастығының орынбасары.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру