Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

Қызылордада сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес мәселелеріне арналған кездесу өткізілді

Қызылорда облысы Полиция департаментінде ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс – қимыл агенттігі жанындағы республикалық ақпараттық-ағартушылық штаб жетекшісі Ырза Тұрсынзада және Агенттіктің Парасаттылық департаментінің директоры Ғанижан Асанұлымен кездесу өтті, – деп хабарлайды Polisia.kz.

Кездесуде баяндамашылар қоғам алдында сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениетті қалыптастыруда ақпараттық үгіт-насихат жұмыстарының маңызы ерекше екенін айта келіп, өңірдегі жемқорлыққа қарсы іс-қимыл бағытындағы бірқатар жобалардың тиімділігін атап өтті.

Бүгінгі күні халықпен ашық сұхбаттасу және ақпараттандыру шаралары арқылы тұтастық қағидаларын кеңінен дамыту – қоғам үшін өте маңызды іс. Еліміз Тәуелсіздік алғаннан бері сыбайлас жемқорлықпен ымырасыз күрес жүргізіп келеді.

Облыс көлемінде бұл бағыттағы жұмыстар Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл стратегиясына және әкімдікпен бекітілген салалық бағдарламаға сәйкес атқарылуда. Қазіргі кезеңде өңірде “Ақмешіт – адалдық алаңы” жобасы белсенді жұмыс жасауда.

Кездесу барысында ақпараттық-ағартушылық штабтың жетекшісі Ырза Тұрсынзада сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін төмендету бағытында үгіт-насихат жұмыстарының оң әсер беретінін, қоғамдық сананы жаңғыртуда адалдық, адамгершілік принциптерін сіңіруіміз қажеттігін айрықша атады.

Сондай-ақ Парасаттылық департаментінің директоры Ғанижан Асанұлы құқық бұзушылықтарды төмендету арқылы экономикалық өсу мен азаматтардың әл-ауқатын арттыруға мүмкіндік туындайтынына ереке назар аударды.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру