Қызылордада ұландық жауынгерлер тілсіз жаудың алдын алуға көмектесті
Қызылорда қаласындағы қоғамдық тәртіпті қадағалап жүрген Ұлттық ұлан сарбаздары сауда үйлерінің бірінің жанынан шыққан өртті байқап, тұрғындарға көмекке келген, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Оқиға 28 наурыз күні кешкі уақытта болған. Жауынгерлік қызметте жүрген әскери жасақ бастығы ефрейтор Мұхаметәлі Жақсыбай және қатардағы Ғани Қосылған мен Дарын Абдсадықұлы бірден оқиға орнына жетеді. Олар бұл жайт туралы әскери жасақ кезекшісі Медет Арқабаевқа және көрші бағыттағы жасаққа хабарлайды.
Үш бутик өртке оранған. Уақытты өткізбей дереу қимылдаған жауынгерлер өрт сөндірушілерді күтпестен бутик иелеріне тауарларды қауіпсіз жерге шығаруға көмектескен.
Өрт сөндірушілер келгеннен кейін жалын ауыздықталды. Зардап шеккендер жоқ.
– Ұландық жауынгерлер қолдарынан келгенше көмектесті. Жігіттерге рақмет! Өрт болып жатқанын бірден байқап, барлық істерін тастап, жүгіріп келіп, бізге қол ұшын созды. Осындай азаматтарымыз болғаны қандай жақсы, бір секунд та ойланбай от құшағына еніп кеткен жауынгерлер өртті сөндіруге және заттарды қауіпсіз аймаққа шығаруға кірісті, – деді сауда нүктесінің иесі Рано Қаракөзова.
Басқа да сауда орындарының иелері мен жұмысшылары Ұлттық ұланның жауынгерлеріне дән ризашылықтарын және алғыстарын жеткізді.