Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

Қызылордада жазасын өтеушілермен Нельсон Мандела күніне орай бірқатар шара ұйымдастырылды

Қызылорда облысы бойынша ҚАЖ департаментінің №37 мекемесінде халықаралық Нельсон Мандела күніне орай тәрбие бөлімінің қызметкерлері спорттық және мәдени іс-шара ұйымдастырды, – деп хабарлайды Polisia.kz.

Іс-шараның негізгі мақсаты – сотталғандардың салауатты өмір салтын насихаттау, спортқа деген қызығушылығын арттыру. Спорттық жарыс арқан тарту, қол күрес және гір көтеру, дойбы ойындары бойынша өткізілді. Жазасын өтеушілер өзара бақ сынасып, ептілік пен шеберліктерін көрсетті.

Жарысқа облыстық дене шынықтыру, спорт және туризм басқармасының қызметкерлері қазылық етіп, қатысушылардың өнерін әділ бағалады. Жеңімпаздар мен белсенді қатысушыларға марапаттар табысталды.

Одан соң сотталғандардың құқықтық санасын қалыптастыру, адамгершілік құндылықтарды дәріптеу және олардың қоғамға оң көзқарасын дамыту мақсатында Нельсон Мандела туралы фильм көрсетілді. Фильм барысында Нельсон Манделаның өмір жолы, әділдік пен теңдік жолындағы күресі, кешірім мен төзімділік қағидаттарын ұстануы кеңінен баяндалды.

Фильм көрсетілімі аяқталған соң жазасын өтеушілер өзара пікір алмасып, алған әсерлерімен бөлісті. Олардың айтуынша, Манделаның өмір жолы қиындыққа мойымай, алға ұмтылуға және өмірді жаңаша бастауға жігер береді.

Іс-шараға қатысқан сотталғандар мекемке әкімшілігіне алғыстарын білдірді.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру