Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

Қызылордалық полицейлер ҰОС ардагерін Жеңіс күнімен құттықтады

Қызылордалық полицейлер Ұлы Отан соғысының ардагерін Жеңіс күнімен құттықтады, – деп хабарлайды Polisia.kz.

Өскелең ұрпаққа бейбітшілік әкелген Ұлы Жеңіс күні қарсаңында Қызылорда облысы ПД-нің Шиелі ауданы полиция бөлімінің қызметкерлері Ұлы Отан соғысының ардагері Сәрсенбек Байжановты құттықтап, сый-сияпат көрсетті.   Қызылорда облысының соғыстың соңғы сарбазы – Сәрсенбек Байжанов 1923 жылы 9 мамыр күні бұрынғы “Үлгілі”, қазіргі Нартай Бекежанов атындағы колхоздың “Мыңбұлақ” деген жерінде, Қаратаудың етегінде дүниеге келген. 1923-1930 жылдары ата-анасының тәрбиесінде болған. 1930-1933 жылдары елге келген ашаршылық салдарынан әр жерге бір көшіп жүрген. 1934-1935 жылдары Совет мектебінде оқи бастаған. 1935 жылы қыркүйек айында “Үлгілі” колхозында мектеп ашылып, сол мектептің 2-сыныбынан бастап оқып, 1938 жылы ауылдық бастауыш мектепті бітіріп, 1942 жылға дейін Шиелі орта мектебінде оқыды.1942-1944 жылдары Ұлы Отан соғысына қатысып, Сталинградтың солтүстік батысында “Магеллан” деген жерде көзінен, қолынан, аяғынан мина оғының жарықшағынан жарақат алып, бір жылдай госпитальда емделіп, екінші топтағы соғыс мүгедегі болып ауылға оралады.
Байжанов Сәрсенбек Германияны жеңгені үшін медалімен, Ұлы Отан соғысы орденімен, “Қызыл жұлдыз” орденімен, Георгий Жуков медалімен, Жеңістің 20, 30, 40, 50 жылдығына орай және «Совет қарулы күштерінің 50, 60, 70 жылдығына орай басқа да оннан аса медальдармен марапатталады. 1944-1950 жылдары колхозда әртүрлі жұмыс істеді.1950-1953 жылдары Түркістан педагогикалық училищесінде оқып, мұғалім мамандығы бойынша бітіріп шықты. 1953 жылдан 1963 жылға дейін “Еңбекші” мектебінде ұстаздық қызмет атқарды.1955-1961 жылдары Қызылордадағы Николай Васильевич Гоголь атындағы педагогикалық институттың химия-биология факультетін бітіріп шықты. 1963 жылдан 1991 жылға дейін №156 Н.Бекежанов атындағы қазақ орта мектебінде мұғалім болды, 38 жыл ұстаздық қызмет атқарды. 29 наурыз
1985 жылы Қазақ ССР Оқу министрлігінің Құрмет грамотасымен марапатталған. Мүгедектігіне байланысты 55 жасында зейнеткерлікке шықты.

Өз кезегінде ардагер көрсетілген құрмет үшін полицейлерге алғысын білдіріп, еліміздің амандығын, бейбіт аспанымыздың әрдайым ашық болуын тілеп,​ ақ батасын берді.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру