Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

Сарыағашта алаяқтық жолмен тұрғындардың 6,5 млн теңгесін жымқырған екі әйел қамауға алынды

Сарыағашта мемлекеттен қайтарымсыз бес млн теңге алып беремін деп алаяқтық жолмен тұрғындардың 6,5 млн теңгесін жымқырған екі әйел қамауға алынды, – деп хабарлайды Polisia.kz

Сарыағаш аудандық полиция бөліміне бірнеше жергілікті тұрғын арызданып, алаяқтықтың құрбаны болғандығын жеткізді. Олардың айтуынша, сырттай таныс әйел мемлекет тарапынан кәсіпкерлерге қайтарымсыз бес млн теңге алып беремін деп сеніміне кіріп, әрқайсысынан 300 мың теңгеден алған.

Аталған жайт сотқа дейінгі тергеп-тексерудің бірыңғай тізіліміне енгізіліп, ҚР ҚК-нің 190-бабы (Алаяқтық) бойынша тіркелді.

Хабар алысымен сарыағаштық полицейлер жедел әрекет етіп, тұрғындарды алдап, ақшасын алып кеткен күдіктіні қолға түсіру бағытында қарқынды іздестіру шараларын жүргізді. Алаяқтық қылмысын ашу мақсатында жәбірленушілерден нақты мәліметтер алды. Келіп түскен ақпарат көздері арқылы тұрғындарды алдаған екі бірдей әйел екені анықталды. Олардың жеке бастары нақтыланып, тұрғылықты мекенжайынан ұсталды. Күдіктінің бірі жергілікті тұрғын болса, екіншісі Алматы облысының тұрғыны болып шықты.

Анықталғандай, күдікті екеу телефон арқылы танысып, тілдескен. Яғни, алматылық әйелдің мемлекеттен қайтарымсыз ақша алып беретіні жайлы естіген жергілікті тұрғын оған адам тауып беріп отыратынын айтқан. Содан таныстарының әрқайсысынан 300 мың теңгеден алып, сыбайласына келіскен 100 мың теңгесін беріп, қалғанын өзі жаратып жіберген. Полицейлер осы қылмыстық істі соңына жеткізу үшін жан-жақты тексеру жұмыстарын жүргізді.

Нақты дәлелдерді келтіре отырып, іс-құжаттарын жинақтады. Осылайша екі әйел 20-дан астам жәбірленушілерден 6,5 млн теңгеден астам ақша алған. Жинақталған құжаттар заңды шешім қабылдау үшін сотқа жолданды. Бүгінде Сарыағаш аудандық сотының шешімімен 37 және 32 жастағы жұмыссыз әйелдер ҚР ҚК-нің 190-бабы (Алаяқтық) бойынша кінәлі деп танылып, 3 жыл мерзімге бас бостандықтарынан айырылды.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру