Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

Сарыағашта қолдан жасалған қаруды сақтаған шетелдік 2 жылға сотталды

Қару жасырған 63 жастағы Өзбекстан Республикасының тұрғыны сотталды, – деп хабарлайды Polisia.kz.

Түркістан облысы ПД Сарыағаш аудандық полиция бөлімінің тергеушілеріне қойшының қорада заңсыз қолдан жасалған қару сақтайтыны туралы шұғыл хабарлама келіп түсті. Ақпарат алысымен тәртіп сақшылары жедел әрекет етіп, аталмыш азаматтың жеке-басы мен мекенжайын анықтай бастады. Полицейлердің тексеруі кезінде аталмыш іске қатысы бар күдікті Сарыағаш ауданындағы ауылдардың бірінің мал жайылымында қойшы болып жұмыс істейтін Өзбекстан Республикасының тұрғыны болып шықты. Полицейлер қойшының үйі мен қора-жайын тінту барысында орналасқан жерінен 10-15 метр қашықтықта жердің астына көмілген қару мен оның оқтарын тәркілеп алды. Қару бірден сараптамаға жіберіліп, нәтижесінде қолдан жасалған 16 калибрлі қос ауызды шолақ мылтық екені расталды.

Оқиғаның басы қасында болып, тергеудің тиянақты жүргізілуін қадағалаған Сарыағаш АПБ бастығының тергеу жөніндегі орынбасары Қуаныш Байзақов:

– Бұл жайт бойынша біздің тергеушілермен ҚР ҚК-нің екі бірдей бабымен, 287-бап (Қаруды, оқ-дәрiлердi, жарылғыш заттарды және жарылыс құрылғыларын заңсыз иемдену, беру, өткiзу, сақтау, тасымалдау немесе алып жүру), 288-бап (Қаруды заңсыз жасау) қылмыстық іс қозғалды. Себебі Өзбекстан Республикасының азаматы ешжерде тіркелмеген қаруды қолдан жасап, оны заңсыз сақтаған. Тергеушілер тергеу жұмыстарын өз деңгейінде жүргізді. Күдіктіге қатысты барлық сотқа дейінгі тергеу амалдары атқарылды. Заң аясында құжаттар жинақталды. Содан соң қылмыстық істі Сарыағаш ауданындағы сотқа жолданды. Әрине сот 63 жастағы күдіктінің жасаған қылмысына сай шешімін шығарды. Яғни Өзбекстан Республикасының 63 жастағы тұрғыны елден бес жыл мерзімге тысқары жерге шығарыла отырып, екі жыл мерзімге бас бостандығынан айырылды, – деп қорытындылады өз сөзін.

Киелі өңір сақшылары тұрғындардың амандығы мен қауіпсіздігі үшін заңсыз әрекеттерге бармау керектігін ескертеді. Елімізде белгіленген заң нормалары бар, ендеше соның аясында әрекет етейік. Ал егер де қылмыс орын алса не болмаса ұйымдастырылып жатса, онда бірден 102 нөміріне хабар беріңіз. Дер кезінде берілген ақпарат маңызды!

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру