Сарысу АПБ бастығы онлайн-режимде есеп берді
Сарысу ауданының полиция бөлімінің бастығы Асхат Алметов ағымдағы жылдың 11 айында атқарылған жұмыстар туралы онлайн-режимде есеп берді, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Есепті кезеңде Сарысу ауданында 151 қылмыс дерегі тіркелген, өткен жылдың осы кезеңімен салыстырғанда бұл 35,2% – ға төмен. Аймақтағы мал ұрлау, тонау және ұялы телефон ұрлау деректері де екі есе азайған, мас күйінде жасалған қылмыстар саны – 40,3% – ға және қоғамдық орындарда жасалған қылмыстар саны 19,4% – ға төмендегені де эфир барысында айтылды.
А.Алметов атап өткендей, бүгінгі күннің басты міндеттерінің бірі – қоғамдық қауіпсіздік пен құқықтық тәртіпті қамтамасыз ету. Осы мақсатта алдын алу жұмыстары күшейтілді, түрлі құқық бұзушылықтар үшін 3 942 әкімшілік хаттама толтырылды, өсім – 70,4%.
Осы жұмыстың нәтижесінде жол апаттарында жарақат алған және қайтыс болғандар саны 52% – ға азайды.
«Нөлдік төзімділік» аясында 2 312 әкімшілік құқық бұзушылық анықталды. Отбасылық-тұрмыстық қатынастар саласындағы қылмыстардың алдын алу үшін 295 қорғау нұсқамасы берілді.
Өз баяндамасын аяқтаған соң Сарысу АПБ бастығы Асхат Алметов онлайн-режимдегі эфирге қатысушылардың қойған сұрақтарына толық жауап берді.
Мұндай тікелей эфирдегі есеп берулер тұрақты негізде өткізілетін болады.