Семей тұрғынынан 4 қару тәркіленді
Семей тұрғынынан төрт қару тәркіленді, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Ағымдағы жылдың 19 шілдесінде Семей қаласының жедел уәкілдеріне жергілікті тұрғындардың бірі тіркелмеген қаруды өз үйінде заңсыз сақтайтыны туралы ақпарат келіп түсті.
Полиция қызметкерлері ақпаратты дереу тексеруге кірісті. Жедел-іздестіру іс-шаралары кешенін жүргізу кезіндегі тінту барысында 62 жастағы ер адамнан төрт бірлік қару – калибрі 5,6 мм. «ТОЗ» мылтығы (ойық атыс қаруы болып табылады), калибрі 5,6/28 мм. «Белка» мылтығы (аралас ойық және тегіс ұңғылы атыс қаруы болып табылады), калибрі 20 мм. «ИЖ» мылтығы (тегіс ұңғылы атыс қаруы болып табылады),калибр 16 мм. «ТОЗ» мылтығы (тегіс ұңғылы атыс қаруы болып табылады) тәркіленді.
– Қазіргі уақытта аталған факті бойынша ҚР ҚК-нің 287-бабы 2-бөлігіне сәйкес сотқа дейінгі тергеу әрекеттері жүргізілуде, осы баптың санкциясы екі жылға дейін бас бостандығынан айыру түріндегі жазаны көздейді, – деді Шығыс Қазақстан облысы Полиция департаментінің бастығы Сағат Мадиев.
Сонымен қатар, Полиция департаменті полицияға тіркелмеген қаруды өз еркімен тапсырған азаматтар қылмыстық жауапкершіліктен босатылатынын еске салады.