Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

Семейде ҚАЖ қызметкерлері қалалық сенбілікке қатысты

Семейде ҚАЖ қызметкерлері қалалық сенбілікке қатысты, – деп хабарлайды Polisia.kz.

Абай облысының әкімінің бастамасымен 2023 жылдың 1-31 сәуір аралығында қалада жалпы қалалық сенбіліктер мен абаттандыру, көгалдандыру және санитарлық эпидемиологиялық салауаттылықты жақсартудың екі айлық өткізу жұмыстарының жариялануына байланысты Семей қаласының қатаң режимдегі колониясының қызметкерлері ағымдағы жылдың бірінші сенбілігіне шықты.

Абай облысы қылмыстық-атқару департаментіне қарасты №19 мекеме қызметкерлері құрғақ бұтақтар жинап, гүлзарларды дайындап, ағаштарды ақтады. Қоқысты шығаруға да арнайы техника жұмылдырылды.

– Сенбілік өткізудің мақсаты – тек айналаны тазарту ғана емес, ұжымды қоғамдық еңбекке баули отырып, қоршаған ортаны таза ұстауға тәрбиелеу. Өздері қызмет ететін мекеменің тазалығына қызметкер белсене қатысты, – дейді кадр саясат бөлімінің бастығы Дидар Жумаханова.

Сондай-ақ облыстық ҚАЖД-ға қарасты Семей қаласындағы 21-ші мекеменің жеке құрамы да нысанды киімдерін жұмыс киіміне ауыстырып, Семей қаласының әкімі Нұрбол Нұрсағатовтың қаулысымен жарияланған жалпықалалық сенбілікке өз үлестерін қосуға шықты. 40-қа жуық мекеме қызметкері сыпырғыш, тырма, қап, күректерін алып, қала тұрғындары мен қонақтарының сүйікті демалыс орны саналатын Семей қаласының орталық саябағының аумағында тазалық орнатты.

Қызметкерлер былтырғы жапырақтар мен қыс бойы тротуарларға жиналған құмды тырмалап, бұталардың жас өскіндерін кесіп, 85 қап қоқыс жинады. Орталық мәдениет және демалыс саябағында бес сағаттық қажырлы жұмыста қызметкерлер саябақтың көп бөлігін ретке келтірді. Өз жұмыстарымен асығыс өтіп жатқан қала тұрғындары тоқтап, қызметкерлерге алғыстарын білдірді.

Мекеме қызметкерлері үшін жалпықалалық табиғатты қорғау шараларына қатысу бұрыннан жақсы дәстүрге айналған, сол арқылы олар өздері тұрып жатқан және жұмыс істейтін қаланың көркіне бес жылдан бері ат салысып келеді.

– Сенбілікке қатысушылардың барлығы көтеріңкі көңіл-күймен жұмыс істеп, орталық саябақты көрікті ете түсті. Бірлескен жұмыстың нәтижесі көз қуантты. Қаламызды жақсы жағдайда ұстау, табиғатты аялау үшін осындай шараларға азаматтардың қатысуы қала үшін де, қатысушылардың өздері үшін де өте маңызды. Біз болашақ ұрпақтың мықты денсаулығына үлес қосамыз, – деді мекеме басшысы А. Нұрбеков.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру