Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

Шахтинскте полиция мен банк қызметкерлері алаяқтарға 13 млн теңге аудармақ болған тұрғынды тоқтатты

Шахтинскте полиция мен банк қызметкерлерінің бірлескен жұмыстарының арқасында алаяқтарға 13 миллион теңге жіберудің жолы кесілді, – деп хабарлайды Polisia.kz.

Әлеуметтік желілер мен интернет арқылы жасалатын алаяқтық фактілерінің алдын алу мақсатында Шахтинск қалалық полиция бөлімінің бастығы Талғат Бақаев екінші деңгейлі “Халық банк” АҚ, “Евразийский банк” АҚ және “Home Credit Bank” АҚ банк қызметкерлерімен кездесу өткізді.

– Кей кездері бір күнде полицияға алаяқтардың арбауына түсіп, қомақты қаржы жіберіп қою дерегі бойынша үш-төрт арыз түседі. Сіздерден азаматтардың көп мөлшерде ақша шешу не болмаса жіберу барысында оларға аса мән берулеріңізді сұраймын. Мәселен, олардан “Қандай мақсатта ақша шешіп жатырсыз?”, “Сіздерге банктің қауіпсіздік бөлімінен не болмаса полиция қызметкерімін деп хабарласты ма?” деген сауалдарды қоюларыңызды сұраймын. Өйткені психологиялық түрде алаяқтардың арбауына түсіп тұрғандар өз-өздеріне келуі қажет. Әрине, бұндай қомақты қаражатпен келіп, өздерін сезікті ұстағандар туралы бірден полицияға хабарласуларыңызды сұраймын, – деді Талғат Бақаев “Евразиский банк” АҚ бөлімше бастығы С.Морозовамен және сол бөлімшенің менеджерлерімен кездесу барысында.

Аталған кездесуден бірнеше күн өткен соң банк қызметкерлері әртүрлі есепшотқа 13 миллион теңге салмақшы болған 65 жастағы зейнеткерге назар аударған. Бан қызметкерлері полиция бөлімі бастығымен хабарласқаннан кейін банкке жедел-тергеу тобы жіберілген. Оқиға орнына келген полицейлер зейнеткерге белгісіз біреулердің өздерін банктің қауіпсіздік бөлімінен және құқық қорғау органдарынанбыз деп хабарласқанын анықтады. Олар зейнеткерге қоңырау соққанда “алаяқтарды ұстау бойынша арнайы операция жүргізіп жатырмыз” деген желеумен депозитіндегі ақшаны аударып алмақшы болған.

Шахтинск қалалық полиция бөлімі криминалдық полиция бөлімшесі қызметкерлерімен банк қызметкерлерінің бірлескен жұмыстарының арқасында алаяқтарға қомақты қаражат аударудың жолы кесілді.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру