Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

Шартарапқа аян шаңғы полициясы

Полиция қызметкерлері қоғамдық тәртіпті қамтамасыз ету барысында ешбір жерді көзден таса қалдырмайды. Тіпті тау шатқалдары мен қысқы мезгілде бой сергітетін демалыс орындарындағы халықтың қауіпсіздігін де қадағалайды. Алматы қаласы полиция департаменті жылдам қимылдайтын арнайы жасақ арнайы мақсаттағы бөлінісінің инспекторлары Алатау баурайындағы “Шымбұлақ” тау-шаңғы курортын патрульдеп, тұманда жол таппай қалған шаңғышыларға көмек көрсетеді, – деп хабарлайды Polisia.kz.

Алматылық тұрғындардың көбі қыс түскен бойда Шымбұлаққа қарай жол тартады. Алайда ауа райының қолайсыздығы кейде күтпеген қиындық тудыруы мүмкін. Тұрғындардың бірі қалың тұман түскенде тау шатқалынан төмен қарай қалай түсерін, қайда бағыт аларын білмей, аласапыран күй кешеді. Сондай-ақ шаңғыны жаңадан үйреніп жүргендер жеңіл, орта жарақат алатын жағдайлар да кездеседі. Осындай уақытта арнайы мақсаттағы бөлініс қызметкерлері көмекке келіп, олардың аман-есен үйлеріне қайтуына мүмкіндік жасайды.

Алматы қаласы полиция департаменті жылдам қимылдайтын арнайы жасақ арнайы мақсаттағы бөлінісі бұл қызмет түрімен 2023 жылдың қараша айынан бастап айналысады. Олардың басты мақсаты – тау баурайындағы тынығушылардың қауіпсіздігіне баса мән беру, тәртіптің сақталуын қадағалау. Бұл жұмыстың жүйелі жүргізілуіне арнайы мақсаттағы бөліністің командирі Үсен Асылханұлы жетекшілік жасайды. Барлығына бас-көз болып, кезекшіліктің уақытылы орындалуына жауаптылық танытады. Күніне 4-5 қызметкер кезекшілікке түседі. Жалпы, кезекшілікте болатын 16 адам бір-бірімен алмасып отырады.

Солардың бірі – Әмірхан Мұхтадов. Ол ішкі істер органдарында 2008 жылдан бері қызмет атқарады. 2019 жылы осы бағытта қызмет көрсетушілердің топ басшысы болып тағайындалған. Шаңғы тебуді бала кезінен бастаған. Алматы қаласының тумасы. Әскери “Орталық спорт клубы” мектебінің түлегі. Шаңғыдан спорт шеберлігіне үміткер.

– Халықтың келуіне байланысты әр күні әртүрлі көмек көрсетеміз. Демалушылар арасында кейде түсініспеушіліктер туындап, ұсақ бұзақылықтар болады. Ұсақ ұрлықтар да кездеседі. Ондай құқық бұзушылықтарға, теріс әрекетке жол бергендерді ұстап, учаскелік полиция инспекторларына тапсырамыз. Алғыс айтатын тұрғындар да аз емес. Балаларын жоғалтып алса, бізден көмек сұрайды. Барынша өтініштерін орындауға тырысамыз. Кейбірі шаңғы, сноуборд секілді спорттық құрал-жабдықтарын жоғалтып алса да, оның қолды болмай, уақытылы табылуына жәрдемдесеміз, – дейді Әмірхан Мұхтадов.

Өз міндеттеріне адал, айтылған тапсырмаларды бұлжытпай орындайтын арнайы мақсаттағы бөлініс қызметкерлері қылмыстың алдын алуға күш салады. Олар мемлекеттік органдар – төтенше жағдай басқармасы, жедел-жәрдем қызметімен және “Шымбұлақ” тау-шаңғы курортының қауіпсіздік қызметімен бірлесіп, жұмыс істейді. Ұсақ бұзақылықтар мен ұрлықтар болғанымен, тауда жаппай тәртіпсіздікке жол берілмейді. Ауа райының қолайсыздығына қарамастан, олар өз жұмысын тоқтатпайды. Керісінше, мұндай күндері сақшылардың жұмысы қызады.

– Қарлы боран болғанда, айналаны тұман басқанда адамдарды таудан төмен қарай түсіреміз. Жарақат алғандар болса, оларға алғашқы медициналық көмек көрсетеміз. Жақында Испаниядан келген азамат бізбен суретке түсіп, өзінің әлеуметтік желісіне жариялайтынын айтты. Курортқа келушілерге көмек керек болған жағдайда, қолымыздан келгенше әрекет етеміз,  – дейді Руслан Мақсұтұлы.

Рота инспекторы Руслан Даутов – Семей қаласының тумасы. Тарбағатай тауының етегінде өскендіктен, шаңғы тебуді бала кезден біледі. Сол спорттық дағдысы кәдеге жарап, бүгінде тұрғындарға көмегін тигізіп жүр. Ішкі істер органдары қызметкерлерінің қатарына қосылғанына үш жыл болған. Жас маман өзінен тәжірибесі мол әріптестерінің әрдайым өз білгенімен бөлісіп, қызметке бейімдейтінін жеткізді.

Сақшы ретінде қызмет атқарғанына он жылдан асқан Танат Бейсебеков өзінің жұмысы осы шаңғы спортымен байланысты болғанына риза. Оның айтуынша, жұмыс барысында адамдардың алғысын арқалаған сәт қуанышқа бөлейді, бір жағынан таза ауада салауатты өмір салтын ұстану денсаулыққа пайдалы екенін жеткізді. Бір қызығы, олар өздері көмек көрсеткен адамдардың аты-жөнін де білмейді. Себебі жедел көмек көрсетіп жүріп, адамдардың амандығын бірінші орынға қояды.

Шымбұлақтағы шаңғы полициясы шартарапқа аян. Себебі түрлі елден келген туристердің барлығы олардың қызметіне қызығушылық танытады. ТМД-да теңдесі жоқ сақшылар адамдардың қауіпсіздігіне баса мән береді. Тау мен шатқалда, үнемі қалың қардың ортасында жүретін олардың жұмысы қашан да тығыз. Тауда да тәртіптің сақталуын қадағалайды.

Осындай күнделікті жұмыстың әсерінен мұнда келеңсіздіктер бола бермейді. Десе де, “Сақтықта қорлық жоқ” деген ұстаныммен антына адал қызметкерлер Алатау баурайында тыныштықтың сақталуына барын салады.

Гауһарай ЕСІМОВА

Жауап қалдыру