Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

Шекарадан заңсыз адам өткізбек болған келестіктер ұсталды

Түркістан облысының полицейлері заңсыз көші-қон ұйымдастырған күдіктілерді ұстады, – деп хабарлайды Polisia.kz.

Келес АПБ-не жергілікті тұрғынның бірінен хабарлама келіп түсті. Аталған хабарламада өңірімізде әлдебір адамдар Өзбекстан Республикасынан заңсыз келушілерді шекарадан өткізіп, ақша алып жүргендігі туралы көрсетілген. Ақпарат алысымен облыстың тәжірибелі полицейлері, аудандық тәртіп сақшыларынан арнайы топ құрылды. Барлық қажетті жедел іс-шаралары жүргізілді, жеткілікті ақпараттар жинақталды. Соның нәтижесінде Келес ауданының екі тұрғыны Өзбекстан Республикасының азаматын шекарадан өткізбек болған жерінен ұсталды.

Полицейлер заңсыз әрекет жасаған азаматтарды тінту барысында оның қалтасынан айғақты зат ретінде қағаз ақшалар тәркілеп алды. Одан бөлек тергеу аясында екі күдікті тұрғын осы қызметтері үшін шетелдік азаматтан 20 мың теңге ақша алғандары анықталды.

Осыған орай тәртіп сақшылары заңды белшесінен басып, пайда тауып жүрген екі күдіктіге қатысты сотқа дейінгі тергеп тексеру амалдары жүргізілуде. Олардың екеуі де шекара аймағында тұратын жергілікті тұрғындар болып шықты. Аталған екі жас күдіктіге қатысты ҚР ҚК-нің 394-бабы (Заңсыз көші-қонды ұйымдастыру) бойынша қылмыстық іс қозғалып, тергеу амалдары жүргізілуде. Ал, шекарадан заңсыз өткен ӨР азаматтарының іс-әрекеті ҚР ҚК-нің 392-бабы (Қазақстан Республикасының Мемлекеттік шекарасын қасақана заңсыз кесіп өту) бойынша тіркелді.

Бұл заңсыз әрекетке байланысты полиция қызметкерлері күдіктілердің ұйымдасқан түрде қылмыс жасағанын сеніммен айта алады. Заң бұзушылар әрқайсысы тиесілі өзіне жүктелген міндеттерді орындаған. Біреуі шекарадан заңсыз өткісі келетін адамдарды тапса, келесісі табылған адамды шекарадан жасырын өткізіп отырған. Бүгінгі таңда екі күдіктінің бас шарасы қолхатта.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру