ШҚО-да ҚАЖД қызметкерлері көктемгі су тасқынына дайындық жұмыстарын жүргізді
Шығыс Қазақстан облысы бойынша ҚАЖД ОВ 156/2 мекемесінің қызметкерлері су тасқынына дайындық жұмыстарын жүргізуде, – деп хабарлайды Polisia.kz.
ОВ 156/2 мекемесі Ертіс өзенінің жағасындағы таулы аймақтың етегінде орналасқан. Сондықтан да бұл жер су тасқыны болу қаупі жоғары аумаққа жатқызылады. Ауа райы болжамы бойынша алдағы уақытта күн жылынуы мүмкін. Биыл қардың қалың түсуі салдарынан су тасқыны болу қаупі бар. Көктемгі су тасқыны еліміздің біраз аймақтары үшін проблемалық мәселе екені жасырын емес.
Осыған орай ОВ 156/2 мекемесінің қызметкерлері мекеме аумағында орналасқан Өндірістік аумақ-17, «Еңбек-Өскемен» РМК және №6699 әскери бөлімінің 1-атқыштар ротасының қызметкерлерімен бірге тасқынға қарсы дайындық шараларын жүргізді. Аталған іс-шараға екі трактор мен 68 қызметкер жұмылдырылды.
– Іс-шара барысында мекемеге жапсарлас орналасқан арықтар мен жылғаларды тазалау, тереңдету, су ағарларды кеңейту жұмыстары жүргізілді. Сақтық шаралары алдын ала ойластырылып, кешенді түрде жүргізілсе, кез келген қауіпті еңсеруге болатыны сөзсіз. Су басу қаупінің алдын алу шаралары мен қар тазалау жұмыстары көктемге дейін жалғасын табады, – дейді мекеме бастығының орынбасары Әділ Нұрланұлы.