Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

ШҚО-да қылмыс деңгейі төмендеді

Шығыс Қазақстан облысы полиция департаментінің бастығы Ерлан Омарбеков өңір тұрғындарымен кездесіп, ішкі істер органдарының өткен жылғы жұмыс нәтижесі туралы баяндады және тікелей эфир барысында түскен, сондай-ақ залдағы азаматтар қойған 30-дан астам өзекті сауалға жауап берді, – деп хабарлайды Polisia.kz.

Облыстың бас полицейі ішкі істер органдары қызметінің негізгі бағдарларын Мемлекет басшысы Ұлттық құрылтай отырысында айқындап бергенін атап өтті.

"Заң мен тәртіп" қағидаты — бұл қоғамдағы тұрақтылықтың негізі және әрбір азаматтың қауіпсіздігінің кепілі. Өңірдің бас полицейі мемлекет пен қоғамның бірлескен жұмысы арқылы ғана құқықтық тәртіпті және құқық қорғау жүйесіне деген сенімді қамтамасыз ету мүмкін болатын айтты.

Кездесу барысында ПД бастығы құқықтық тәртіп пен қоғамдық қауіпсіздікті сақтауға үлес қосқан қоғам белсенділерін алғыс хаттармен марапаттады.

Ерлан Омарбеков қылмыстың ерте сатыда алдын алуға және оның жасалу себептерін жоюға бағытталған "Құқық бұзушылықтардың профилактикасы туралы" жаңа Заңының күшіне енуіне жеке тоқталды. Заң аясында профилактиканың жаңа шаралары енгізіліп, құқықтық тәртіпті қамтамасыз етуге қоғамның қатысуы кеңейтілді.

2025 жылдың қорытындысы бойынша Шығыс Қазақстан облысы елімізде қылмыс деңгейі бойынша 11-орында тұр. Сонымен қатар өңірдегі криминогендік ахуал тұрақты, ал қылмыстың жалпы саны төмендеп келеді. Аса ауыр қылмыстар, ұрлық, қарақшылық және бопсалау фактілері айтарлықтай азайды. Қоғамдық орындарда, көшелерде және топ болып жасалған құқық бұзушылықтар саны төмендеді.

Есірткі қылмысына қарсы күреске ерекше көңіл бөлінуде. Өткен жылы 300-ге жуық есірткі қылмысы анықталып, заңсыз айналымнан 600 келіден астам есірткі мен психотроптық заттар тәркіленді.

— Есірткіге тәуелділік, әсіресе жастарды тарту тұрғысынан қоғам үшін күрделі мәселе болып қала береді. Сондықтан біз басты назарды тек жолын кесуге ғана емес, сонымен қатар профилактикаға аударамыз, — деді Е. Омарбеков.

Интернет-алаяқтық мәселесі де өзектілігін жоғалтқан жоқ, алайда полицияның белсенді жұмысы мен заманауи технологияларды енгізудің арқасында жағдай жақсарды. 2025 жылы "Антифрод-орталық" жүйесінің көмегімен күмәнді транзакцияларды жедел бұғаттау мүмкін болды: заңсыз шығарылмақ болған шамамен 15 млн теңгенің 11 млн теңгесі заңды иелеріне қайтарылды.

— Азаматтардың өздері де цифрлық қауіпсіздік шараларын сақтап, жеке мәліметтерін үшінші тұлғаларға бермеуі маңызды, — деді ШҚО ПД бастығы.

Оқиғалар мен қылмыстарға ден қою жеделдігін арттыру үшін барлық аумақтық бөліністе жаңа жедел басқару орталықтары кезең-кезеңімен енгізілуде. Олар бейнебақылау жүйелерін, ЖҚЕ бұзушылықтарын автоматты түрде тіркеуді, іздеудегі автокөліктерді қадағалауды және GPS көмегімен полиция нарядтарын бақылауды қамтиды.

Полиция департаментінде жаңадан жаңартылған ЖБО жұмыс істейді, ал бірқатар ауданда орталықтардың ашылуы аяқталу сатысында, қалғандарында дайындық жұмыстары жүргізілуде. Аудандық бөліністер деңгейінде ЖБО құру әлеуметтік және экономикалық тұрғыдан тиімді және оқиғаларға ден қою жеделдігін айтарлықтай арттыруға мүмкіндік береді.

Облыс орталығында сондай-ақ 20 "SOS" дабыл түймесі жұмыс істейді, олар азаматтарға төтенше жағдайларда полициямен тікелей байланысуға мүмкіндік береді.

Кездесу барысында сондай-ақ мал ұрлығы, ауылдық жерлерде қауіпсіздікті қамтамасыз ету, әйелдер мен балалардың құқықтарын қорғау, тұрмыстық зорлық-зомбылықтың, жасөспірімдер арасындағы буллинг пен кибербуллингтің алдын алу мәселелері қозғалды.

Полиция қызметкерлері құқық бұзушылықтарға мүлдем төзбеушілік қағидаты бойынша жұмыс жүргізіп жатыр.

Бұдан бөлек, цифрлық технологияларды енгізу жалғасуда: мобильді қосымшалар мен ұшқышсыз ұшу аппараттары полиция жұмысының тиімділігі мен ден қою жеделдігін арттыруға мүмкіндік береді.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру