Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

Шымкент полицейлері із-түссіз жоғалған екі қызды анасына қайтарды

Шымкент полицейлері із-түссіз жоғалған екі қызды анасына қайтарды, – деп хабарлайды Polisia.kz.

Шымкент қаласының полиция бөліміне жергілікті тұрғын хабарласып, 8 жастағы екі қыздың жоғалып кеткені туралы арызданған. Анасының сөзінше, балалары Нұрсәт ықшам ауданындағы би үйірмесіне автобуспен барған. Содан кейін олар байланысын тоқтатыпты. Ал тәрбиешілерге телефон соққанда ол қыздардың сабаққа келмегенін біліп, дереу полицияға жүгінген.

Жоғалған бүлдіршіндерді іздеуге шұғыл түрде Қаратау аудандық ішкі істер бөлімінің учаскелік инспекторлары мен ювеналды полиция қызметкерлері жіберілді. Жедел-іздестіру шаралары барысында тәртіп сақшылары жақын маңдағы аумақтарды түгелімен тінтіп, түрлі куәгерлерден жауап алды.

Нәтижесінде, Шымкент қалалық Полиция басқармасының Жедел басқару орталығының бейнебақылау камералары арқылы полицейлер жасөспірімдердің дұрыс емес аялдамадан түскендерін анықтады. Анықталғандай, олар жолда ұйықтап қалып, аялдамаларын өткізіп алған. Тәртіп сақшылары қыздарды аман-есен тауып, ата-анасына табыстады.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру