Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

Шымкент полициясында Президент Жолдауы талқыланды

Шымкентке ІІМ-нің орынбасары Ержан Саденов арнайы қызметтік сапармен келді, – деп хабарлайды Polisia.kz.

Мемлекет басшысының Қазақстан халқына жолдауында айтылған Ішкі істер министрлігіне қатысты тапсырмалар мен ұсыныстарды нақтылау және мегаполистегі қылмыстық ахуалды сараптау мақсатында жеке құрам қызметкерлерімен кездесу өткізді.

Жиында Ішкі істер министрінің орынбасары еліміздегі жағдайды тұрақты ұстау және халқымыздың тыныштығын қамтамасыз ету үшін президентіміздің жолдауындағы бағыттарға баса мән беріп, нәтижелі жұмыс жасау қажеттігін атап айтты.

Сонымен қатар, Шымкент қаласындағы қылмыстық ахуалды таразылап, соңғы кездері қоғамда өзекті болып отырған жайттарға тоқталды. Оның ішінде Республика көлемінде күрт артып, жұрт арасында алаңдаушылық тудырып отырған интернет-алаяқтық қылмысын сөз етті. Аталған жайт бойынша шаһар полицейлері оң нәтиже көрсетіп отырғанын және осы бағыттағы профилактикалық іс-шараларды тоқтатпауды тапсырды.

Сондай-ақ, заңсыз есірткі айналымы мен тұрмыстық зорлық-зомбылық қылмысына қарсы күрес жұмыстарын күшейту керектігін айтты. Осы бағытта қала аумағында жүргізілетін профилактикалық жұмыстарды жиілетіп, құқық бұзушыларды қатаң бақылауға алуды ескертті.

Өз кезегінде Шымкент қаласы ПД бастығы Қайрат Дәлбеков айтылған сын-ескертпелер бойынша жедел шаралар қабылданатынын және мемлекет басшысының жолдауында тапсырылған міндеттемелерді жүзеге асыру бағытында нәтижелі жұмыстар атқарылатынын айтты.

Сөз соңында Ержан Саденов ауыр, абыройлы және жүктелген міндеті көп салада полиция қызметкерлеріне жоғары жетістіктер тіледі.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру