Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

Шымкентте Халықаралық нашақорлыққа қарсы күрес күніне арналған іс-шара өтті

26 маусым күні Шымкенттегі Арбат демалыс аймағында есірткіге қарсы іс-қимыл басқармасының және “Жастар ресурстық орталығы мамандарының ұйымдастыруымен Халықаралық нашақорлыққа қарсы күрес күніне арналған концерттік іс-шара өтті, – деп хабарлайды Polisia.kz.

Салтанатты жиынға, қала тұрғындары мен қонақтары, психикалық денсаулық орталығының дәрігерлері, “Жастар ресурстық орталығының” мамандары, әкімдік қызметкерлері мен полиция департаментінен келген тәртіп сақшылары қатысты.

Мерекелік шарада алғаш сөз кезегі Әл-Фараби ауданының әкімі Рашид Мыңбаев пен Шымкент ҚПД есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасының бастығы Арман Ақшораевқа беріліп, айлық іс-шараларға белсене атсалысқан азаматтарға арнайы алғыс хаттар табысталды.

Марапаттау рәсімінің соңы, тұрғындар үшін әзірленген бағдарламаға жалғасты. Онда жылдам қимылдайтын арнайы жасақ сақшылары, кинология қызметі орталығының мамандары, жас спортшылар мен әсем үнді әншілер өнер көрсетіп, мегаполис халқына көтеріңкі көңіл-күй сыйлады.

– Есірткі қылмысына қарсы күресті тек айлық іс-шаралар шеңберінде ғана өткізумен шектелмейміз. Біз, тәртіп сақшылары аталған қылмыстың алдын алу және оның жолын кесу бағытында үздіксіз еңбек етеміз. Өйткені ұлт саулығына барлығымыз теңдей жауаптымыз деді, –  есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасының аса маңызды істер жөніндегі аға жедел уәкілі Бауыржан Карбеков.

Іс-шара соңында, қала тұрғындары мен ұйымдастырушылар естелік суретке түсіп, жақсы көңіл-күймен қоштасты.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру