Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

Шымкентте қыз алып қашқандар полиция бөліміне жеткізілді

29 наурызда әлеуметтік желіде тараған Шымкенттегі көпқабатты үйлердің бірінің ауласында белгісіз тұлғалардың жас қызды автокөлікке күштеп отырғызып, алып кету фактісі туралы бейнежазбаның кейіпкерлері полиция бөліміне жеткізілді, – деп хабарлайды Polisia.kz.

2021 жылдың 30 наурызында Шымкент қаласы Полиция департаменті Криминалдық полиция басқармасының қызметкерлері жедел-іздестіру іс-шараларын жүргізу барысында қызды алып қашқандардың және қыздың жеке басын анықтап, оларды Түркістан облысының аумағынан Шымкент қаласының Еңбекші ауданы Полиция басқармасына жеткізді.

Тексеру барысында ер адамның үйлену үшін екі досының көмегімен қызды алып қашқаны белгілі болды. Ер азаматтардың барлығы Түркістан облысының тұрғындары.

– Сол түні 18-шағын ауданда мені сырттай танитын азамат маған үйлену мақсатында өзінің достарының қолдауымен автокөлікке күштеп отырғызып, үйіне алып кетті. Осы күнге дейін мен сол ер адамның үйінде болдым. Маған қатысты зорлық-зомбылық іс-әрекеттер жасалған жоқ. Менің жағдайым жақсы, – деді ұрланған азаматша.

Еске салсақ, 29 наурызда әлеуметтік желіде қаладағы көпқабатты үйлердің бірінің ауласында белгісіз тұлғалардың жас қызды автокөлікке күштеп отырғызып, алып кеткендігі туралы бейнежазба жарияланған.

Сол күні аталған дерек бойынша ҚР ҚК-нің 126-бабының 2-бөлігінің 1- тармағымен (Бас бостандығынан заңсыз айыру) сотқа дейінгі тергеп-тексеру амалдары басталған. Аталған баптың санкциясы  бес жылға дейінгі мерзімге бас бостандығынан айыру жазасын көздейді.

Қазіргі уақытта тергеу амалдары жалғасуда. Алып қашуға қатысқан барлық қатысушылар ешқайда кетпеу туралы қолхатқа қол қойды.  Автокөлік айыппұл тұрағына қойылды.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру