Шымкенттік полицейлер жалғызбасты қарияға көмектесті
Наурыз мерекесі қарсаңында шымкенттік полицейлер жалғызбасты қарияға көмектесті, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Шымкент қаласы Полиция департаменті Әл-Фараби ауданы Полиция басқармасының қызметкерлері 1937 жылы туған қарт анаға көмек көрсетті. Тәртіп сақшылары 84 жастағы қарияның ауласын тазалап, қураған ағаштарды ретке келтіріп, үй шаруасына көмек берді. Жалғызбасты зейнеткердің ауласын қардан тазартып, ауладағы ретсіз ағаш бұтақтарын қырықты. Оперштейн көшесінің тұрғыны Сталина Чистякова қол ұшын созған полицейлерге алғысын айтып, ризашылығын жеткізді.
– Мен секілді жалғызбасты қарияларды естен шығармай көмек берген полицейлерге алғыс айтамын. Жасым егде тартып қалғандықтан, аула ішіндегі ауыр тірліктерді өз күшіммен жасай алмаймын. Осыдан бірнеше уақыт бұрын да осылай тәртіп сақшылары көмек берген болатын. Сіздерге шексіз алғысымды білдіремін, – деді Сталина Константиновна.
– Мереке ең алдымен тазалықтан басталған. Ұлттық мерекеде көшеттер отырғызып, аулалар тазаланады. Осы дәстүрді жалғап, Наурыз мерекесі қарсаңында ұжым қызметкерлерімен бірге осындай жалғызбасты қарияларға көмек көрсетуді ойға алған болатынбыз. Бүгін сәті түсіп, жалғызбасты зейнеткерге көмек берік, – деді Әл-Фараби ауданы Полиция басқармасының қызметкерлері.
Осылайша жалғыз тұратын қарт полиция қызметкерлеріне өзінің алғысын білдіріп, жұмыстарына табыс тіледі.