Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

Шымкенттің бас полицейі Еңбекші ауданының тұрғындарымен кездесті

Шымкенттің бас полицейі Еңбекші ауданының тұрғындарымен кездесті, – деп хабарлайды Polisia.kz.

Шымкент қаласы Полиция департаментінің бастығы Ералы Жумаханбетов Еңбекші ауданы Полиция басқармасына қарасты №43 учаскелік полиция пунктінің әкімшілік аумағындағы тұрғындармен кездесу өткізді. Осылайша Шымкенттің бас полицейі 17 шағынауданы тұрғындарының ұсыныс, пікірлерін тыңдады. Жиналған қауым тарапынан қойылған сауалдардың басым бөлігі – үй кіреберістері мен аулаларға бейнекамералар қою, жолдарды кеңейту, жасанды жол кедергілерді орнатуға қатысты болды.

Мәселен, жергілікті тұрғындар ауладағы ретсіз тұрақтайтын көліктерден жедел жәрдем қызметінің кіруіне кедергі туындайтынын айтып, аталған кемшілікті түзетуге көмек көрсетулерін сұрады.

Күн тәртібінде №43 учаскелік полиция пунктінің 2021 жылдың бес айында атқарған жұмыстары мен қызмет көрсету сапасы сараланды. Аумақтық полиция қызметкерлерінің жұмысына байланысты жергілікті тұрғындар оң бағасын беріп, Шымкент қаласы Полиция департаментінің бастығы полиция Ералы Жумаханбетовке алғысын жаудырды.

Шымкент қаласы Полиция департаментінің бастығы Ералы Жумаханбетов сервиске бағдарланған полиция қызметі жайында айтып өтті.

– Сервистік полицияның негізгі принципі қол жетімділік, ашықтық әрі нақтылық. Полиция мен қоғамға құқықтық тәртіпті және қауіпсіздікті қамтамасыз ету проблемаларын шешу үшін ынтымақтастықтың жаңа әдістерін қолдануға мүмкіндік беретін модель. Өзара іс-қимылдың осы тәсілін қолдану жергілікті жерлерде полиция жұмысының сапасын арттыруға ықпал етеді, – деді Ералы Жумаханбетов.

Кездесу соңында тұрғындар Шымкенттің тәртіп сақшыларына алғыс айтты. Шара барысында тұрғындарға Шымкент қ. ПД бастығының нұсқауымен “WhatsApp” желісінде құрылған “Жедел әрекет ету тобына” қосылып, жұмыла жұмыс жасау мақсатында байланыс нөмірлер жазылған ақпараттық парақшалар таратылды.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру