Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

Солтүстік Қазақстан облысында қызметтік иттің көмегімен жоғалған қойлар табылды

Солтүстік Қазақстан облысында қызметтік иттің көмегімен жоғалған қойлар табылды, – деп хабарлайды Polisia.kz.

Аудан орталығы Мамлюткада тұратын зейнеткер жоғалған малды іздеуге көмек көрсеткені үшін аудандық полиция бөлімінің қызметкерлеріне алғысын білдірді. 15 қыркүйек күні ол қақпаны дұрыс тіремеген, салдарынан ауладан жеті қой шығып кеткен.
Қарт адамға айтарлықтай шығын келе жаздады, бірнеше күн бойы өзі іздеген, табылмаған соң полицияға жүгінген. Тәртіп сақшылары іздеуді бейнебақылау камераларынан бастады. Аудан орталығында барлығы 41 камера орнатылған, бес камераға “қашқындар” түсіп қалған, олардың қай жаққа бет алғаны белгілі болды. Аудандық полиция бөлімінің қызметкерлері Мамлютка тұрғындарынан сұрастырып, үйірді іздей бастады. Малдың соңғы жүрген жерінен Грейси қызметтік-іздестіру иті ізіне түсті. Малдың ізіне түскен ит кинолог Әлібек Уәлиханов пен жергілікті полиция қызметінің қызметкері Әлібек Осиповты аудан орталығының сыртындағы батпаққа алып келді, сол жерден жоғалған қойлар табылды.

– Криминалдық полиция, жергілікті полиция қызметі бөлімшелерінің жедел және үйлесімді әрекеттерінің арқасында малым қайтарылды, – деп жазыпты зейнеткер. – Криминалдық полиция бөлімінің қызметкерлерін атап өткім келеді: капитан Дәулетов Е.К., аға лейтенант Тұрғынов М.Е., капитан Байғұнақов Г.Б. Учаскелік полиция инспекторлары: лейтенант Д.А. Николайчев, майор Осипов А.Б., сонымен қатар ПБ кинологі лейтенант А.Уәлихановқа ерекше алғысымды білдіремін.

Аудандық полиция бөлімінің бастығы Петр Климовтың айтуынша, қолайсыз ауа райына қарамастан, жеке құрам ұйымдасқан түрде және тиімді жұмыс істеді.

– Адамдардың ризашылықтары халық игілігі үшін әрі қарай қызмет етуге жақсы ынталандыру болып табылады, – деп атап өтті ол.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру