Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

Сотталған балалар түрме аумағын гүлбаққа айналдырды

Алматы қаласында сотталған балалар түрме аумағын гүлбаққа айналдырды, – деп хабарлайды Polisia.kz.

Алматы қаласында орналасқан еліміздегі балалар ұсталатын жалғыз ЛА-155/6 мекемесінде бүгінгі күні 52 бала жазасын өтеп жатыр.

Қылмыстық-атқару жүйесі мекемесінде балалар түрлі жұмыспен айналысып, мәдени-спорттық шараларға қатысатын. Карантин басталғалы осы гүлбақ балалардың ермегіне айналды.

Жасөспірімдерді пайдалы еңбекке баулу жұмыстары карантин кезінде де бір толастаған жоқ.
Карантин талаптарына байланысты қазір колонияға келіп өнер көрсететін немесе спорттық жарыстар өткізетін өнерпаздар мен спортшылар қатары сиресе де, балалардың әр күні көңілді өтуде. Олардың ең сүйіп істейтін жұмыстары колония аумағын көріктендіру. Қыста қардан жасалған небір мүсіндер мен мұз қалашықтар көрік берсе, жазда жайқалған гүлдер көздің жауын алады. Мұндай әсемдікті жасөспірімдер өз қолдарымен жасайды.

Жуырда ЛА-155/6 мекемесіне осы мекеменің Қамқоршылық кеңесінің мүшесі Томас Томасов гүл тұқымдары мен көшеттерін сыйға тартқан болатын. Бұл сыйлықты қуана қабылдаған жасөспірімдер мекеме ауласын одан әрі көркейте түсті. 

– Жазалы балалар бұрын да аулаға раушан гүлдерін отырғызып, оны өздері күтіп-баптап жүретін. Тіптен колонияға келген қонақтарға және кездесуге келген ата-аналарына өздері өсірген алқызыл гүлдерін сыйға тартатын. Гүл көшеттерін отырғызуға, тұқымынан гүл өсіруге машықтанған балалар бұл жұмысты бұрын істеп көрмеген балалармен өз тәжірибелерін бөлісті. Түзеу мекемесінің ауласындағы темір қоршауда асыр салған қояндарды күту де балалардың сүйікті ісі. Сотты болған балаларды еңбекке баулу олардың еңбекқор болып өсуіне ықпал етеді. Ерінбей еңбек еткен адам ешқашан көштің артында қалмайды, – дейді Алматы қаласы бойынша ҚАЖ департаментінің бастығы Дархан Қанатбеков.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру