Сотталғандар жұмыспен қамтылды
Түркістан облысында пробация қызметі бөлімінің есебіндегі сотталғандар жұмыспен қамтылды, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Түркістан облысы бойынша ҚАЖ департаментіне қарасты Сарыағаш аудандық пробация қызметінің есебіндегі 15 сотталған бос жұмыс орын жәрмеңкесі нәтижесімен тұрақты жұмыспен қамтылды.
Түркістан облысы Сарыағаш ауданы әкімдігінің халықты жұмыспен қамту орталығы және аудандық пробация қызметі бөлімінің ұйымдастыруымен мүмкіндігі шектеулі азаматтар мен аудандағы пробация қызметі бөлімінің есебінде тұрған қоғамнан оқшаулаумен байланысты емес жазаға тартылған, сотты болған азаматтарға арналған бос жұмыс орындар жәрмеңкесі өткізілді.
Осы жәрмеңкеге Сарыағаш аудандық пробация қызметі бөлімінің есебінде тұрған 43 сотталған адам қатысып, соның ішінен 15 адам тұрақты жұмыспен қамтылды. Сондай-ақ қаржылай арнайы әлеуметтік көмек алуға 16 сотталған, жеке кәсібін ашып қайтарымсыз несие алуға үш сотталған ниет білдіріп жұмыспен қамту орталығына тіркелді және квоталық жұмыс орындарына бес жазасын өтеуші жолдама алды.
– Сотталғандарды түзеудің түпкі бір әдісі – еңбекпен тәрбиелеу. Сондықтан пробация қызметі бөлімінің ең басты міндеті сотталғандарды қайта тәрбиелеу арқылы түзелу жолына түсуіне ықпал жасау. Бұл ретте жазасын өтеп жүргендерді еңбекпен қамту тәрбие жұмысының басым бағыттарының бірі болып табылады. Ал дер кезінде еңбекке араласпаған сотталған адамның қайтадан қылмысқа баруы оп-оңай. Шартты түрде сотталғандар қайтадан қылмыс жолына түспеуі үшін не істеуі керек? Әрине, оларды ең әуелі жұмыспен қамту жағын ойластырған жөн. Себебі жұмыссыз қалған асыраушы әлеуметтік ауырпалықтарға тап болады. Ал оның ар жағында қылмыстың сан түрлі жолы тұрғаны тағы белгілі, – дейді Сарыағаш аудандық пробация қызметі бөлімінің бастығы Қуандық Сартаев.
Бос лауазымдар бойынша жәрмеңкелер алдағы уақытта өзге аудандарда ұйымдастырылмақ. Жаза басып, қоғамда қайта орнын тапқысы келген сотталғандар үшін бұл – үлкен мүмкіндік. Сол себепті пробация қызметінің есебінде тұрған жұмыссыз жүрген адамдарды жәрмеңке арқылы алдағы уақытта толықтай жұмыспен қамту көзделуде.