Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

Спортты серік еткен полицей қыз

Спортты серік еткен полицей қыз Ақбота Орнабиденова Атырау қаласы полиция басқармасының инспекторы қызметін атқарады, – деп хабарлайды Polisia.kz.

Жастайынан спортты жанына серік еткен Ақбота таэквондомен айналысты. Атырау қаласындағы №13 ұлттық гимназияда оқып жүрген кезінен облыстық, республикалық сайыстарға қатысып, талай рет жүлделі орындарға шықты.

– Полицияға келуіме де осы спортпен “достығым” себеп болды, – дейді Полиция басқармасы жергілікті полиция қызметі бөлімшесінің кәмелетке толмағандар істері жөніндегі учаскелік полиция инспекторы Ақбота Қизатоллақызы.

Ішкі істер органдарындағы қызметін 2011 жылы бастаған Ақботаның алғашқы тәлімгері, бүгінде ПБ Көші-қон қызметі бөлімінің аға инспекторы Айнагүл Маликова:

– Ол өте пысық болды, айтқаныңды “қағып алатын”. Қасымнан қалмай, түрлі профилактикалық шараларға да, мектеп оқушылармен жұмыстарға да атсалысты. Ұзамай, мектеп инспекторы болды, – дейді.

Бүгінде Ақбота өзіне бекітілген №19 орта мектеп инспекторы.

– Мектеп басшылығымен, ата-аналармен бірлескен жұмыстар нәтижесіз емес, оқушылар арасында “қиын балалар” жоқ, – дейді полиция капитаны.

Жоғарыда айтқандай, талай рет жарыстарда бақ сынасып, бәскелестерін басып озған Ақбота Орнабиденова Қазақстан Республикасы туризм және спорт министрлігі спорт комитетінің бұйрығымен “ҚР спорт шебері” атанды.

Қоғамдық тәртіп күзетіндегі –
әрбір полиция қызметкері өз кәсібінің алғыр маманы болу үшін спортпен тұрақты түрде шұғылданады.

Ал, Ақботаның айтуынша, тән сұлулығын сақтаудың, уақытпен күресудің ең тиімді жолы спорт. Спортты жанына серік еткен
полиция капитаны Ақботаның алар асуы әлі алда.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру