Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

СҚО-да криминалдық полицияның үздік жедел уәкілі анықталды

Солтүстік Қазақстан облысының Полиция департаментінде “Үздік жедел уәкіл” облыстық байқауы қорытындыланды, – деп хабарлайды Polisia.kz

Жедел уәкілдер криминалистермен және тергеушілермен бірге күнделікті кезекшілікке түседі. Қылмысқа қарсы күрестің алдыңғы шебінде жүреді, кез келген уақытта хабар-ошарсыз кеткендерді іздеуге шығуға дайын. Бұл қызмет жұмысқа толық беріліп істеуді қажет етеді, сонымен бірге қылмыскерлерді құрықтауда өмірге қауіп төнуі де мүмкін. Әртүрлі адамдармен қарым-қатынас жасай білу, сауаттылық, физикалық төзімділік, мобильділік, сондай-ақ үнемі білімді арттырып отыру – бұл қазіргі заманғы криминалдық полиция қызметкерлерінің жұмысына қойылатын негізгі талаптар.

Жыл сайынғы кәсіби байқауға әр аумақтық бөліністің үздіктері жіберілді. Барлығы оннан астам офицер қатысты. Байқау үш кезеңнен тұрды: заңнаманы және нормативтік-құқықтық актілерді білу бойынша тестілеуден өту, атыс дайындығы, дене шынықтыру сынақтары. Арнайы жауынгерлік әдістерді меңгеруі де тексерілді.

Нәтижесінде облыстық Полиция департаменті Криминалдық полиция басқармасының жедел уәкілі Марат Халимуллин барлық көрсеткіштер бойынша үздік нәтижелер көрсетті. 35 жастағы полиция қызметкері ішкі істер органдарында 2005 жылдан бастап қызмет етеді. Қарағанды заң институтының түлегі. Қазіргі уақытта Криминалдық полиция басқармасындағы мүліктік қылмыстарды ашу бөлімінде жұмыс істейді.

Мараттың сөзінше, байқауға қатысу кезінде ерекше қиындықтарға тап болмаған. Ведомстволық жоғару оқу орнында алған білімі мен дағдылары, сондай-ақ үнемі өзін-өзі дамыту және тәрбиелеу байқау барысында үлкен көмек болған.

СҚО ПД Криминалдық полиция басқармасының бастығы Марат Жұмалиевтің айтуынша, Халимуллин өзін мүліктік қылмыстарды ашумен айналысатын жауапты, сауатты, талпынысы зор қызметкер ретінде көрсеткен. Ол ауыр санаттағы бірқатар қылмыстарды, оның ішінде өткен жылдары жасалған қылмыстардың бетін ашқан. Жақын арада үздік жедел уәкіл Марат Халимуллин Ішкі істер министрлігінде өтетін республикалық байқауға қатысады.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру