СҚО-да полицейлер 100 литр заңсыз алкогольді тәркіледі
СҚО-да полицейлер 100 литр заңсыз алкогольді тәркіледі, – деп хабарлайды Polisia.kz.
29 сәуір күні Ғабит Мүсірепов атындағы ауданда полицейлер 100 литрден астам лицензияланбаған құрамында спирті бар өнімді тәркіледі. Алкогольді ауыл тұрғындарының бірі жасырын сатқан. Аталған факті криминалдық полиция қызметкерлері және бес ауылдық округке қызмет көрсететін Чистополье ауылдық поселкелік полиция пунктінің учаскелік полиция инспекторларының бірлескен тексерісі кезінде анықталды. Полицейлер ҚР Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 463-бабы (Тиiстi тiркеусiз, рұқсатсыз немесе хабарлама жібермей кәсіпкерлік немесе өзге де қызметпен айналысу, сондай-ақ әрекеттердi (операцияларды) жүзеге асыру) бойынша материал жинастырды. Көлемі 0,5 литрден бес литрге дейін 100-ден астам пластик бөтелке тәркіленді. Сараптама тағайындалды, нәтижелері бойынша материалдар сотқа жолданатын болады.
– Бұл жыл басынан ауданда тәркіленген ең ірі көлемдегі заңсыз алкоголь, – деді аудандық полиция бөлімінің бастығы Марат Әлжанов. – Бұзушының сөзіне қарағанда, ол құрамында спирті бар өнімді сату мақсатында Көкшетау қаласында сатып алып жүрген. Құрамында спирті бар өнімді заңсыз таратуға қарсы күрес – учаскелік полиция инспекторларының жұмысындағы міндеттердің бірі. Алкогольді асыра пайдалану құқық бұзушылықтар мен қылмыстардың жасалуына себепші болып жатады. Тиісті жағдайда сақталмайтын лицензияланбаған спирттік ішімдіктер адам денсаулығына зиян келтіруі мүмкін. Жыл басынан ауданда алкогольді заңсыз сатудың тоғыз фактісі анықталды.