СҚО-да полицейлер бастауыш сынып оқушыларын полиция қаһармандарымен таныстырды
СҚО-да полицейлер бастауыш сынып оқушыларын полиция қаһармандарымен таныстырды, - деп хабарлайды Polisia.kz.
Мағжан Жұмабаев атындағы №4 орта мектептің бастауыш сынып оқушылары полиция қызметі туралы өз ойларын ортаға салды. Балалардың айтуынша, полицияның басты міндеті – қылмыскерлерді ұстап, азаматтардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету.
Оқушылардың тәртіп сақшыларының қызметімен жақынырақ танысуы үшін аудандық полиция бөлімінің қызметкерлері ашық есік күнін ұйымдастырды.

Мектеп жанындағы жазғы алаңға қатысатын 1-4 сынып оқушылары кезекші бөлімнің жұмысымен танысып, "102" арнасына келіп түсетін хабарламалардың қалай қабылданатынын көрді. Сондай-ақ бейнебақылау камераларының мониторлары арқылы туған қалаларының көшелерін бақылау мүмкіндігіне ие болды.
Айта кетейік, жыл басынан бері бейнебақылау камераларының көмегімен аудан орталығында 3 қылмыс ашылып, 437 құқық бұзушылық анықталған.

Экскурсия барысында жедел-криминалистикалық топ қызметкері балаларға қылмыс орнында қалатын іздердің түрлері мен оларды анықтау тәсілдері туралы айтып берді.
Кездесудің маңызды бөлігінің бірі қазақстандық полиция қаһармандарын еске алуға арналды. Ғазиз Байтасовқа арналған стенд жанында оқушылар 2011 жылы аса қауіпті қылмыскерді ұстау кезінде ерлікпен қаза тапқан Тараз қаласының патрульдік полиция қызметкерінің өмір жолымен танысты. Оның есімі бүгінгі күні полицейлер үшін батылдықтың, ерліктің және қызметтік борышқа адалдықтың символына айналған.
Осындай үлгі тұтар тұлғалардың бірі – Мағжан Жұмабаев ауданының тумасы Жанәділ Теміртасов. Мұражай бөлмесінде оқушылар оның өмірі мен қызметі туралы мәлімет алды. Ол 1999 жылғы 20 мамырда қоғамдық тәртіпті қамтамасыз ету кезінде мас күйдегі адамдар тобын тоқтатуға әрекет жасап, қызметтік міндетін атқару барысында қаза тапқан.
Мұндай танымдық экскурсиялар Солтүстік Қазақстан облысы полициясының барлық бөлімшелерінде тұрақты түрде өткізіліп келеді. Олардың басты мақсаты – жас ұрпақтың бойында заңға құрмет пен тәртіпке бағыну мәдениетін қалыптастыру, сондай-ақ қоғам қауіпсіздігін күн сайын қамтамасыз етіп жүрген полиция қызметкерлерінің еңбегі туралы кеңінен таныстыру.
