Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

СҚО-да сотталған әйел жаңа туған немересін бейнебайланыс арқылы көрді

СҚО-да сотталған әйел жаңа туған немересін бейнебайланыс арқылы көрді, – деп хабарлайды Polisia.kz.

2020 жылдан бастап Солтүстік Қазақстан облысы бойынша қылмыстық-атқару жүйесі мекемелерінде қысқа мерзімді кездесулер Skype арқылы онлайн-режимде өтеді.

Осы уақытқа дейін сотталғандардың туыстарымен екі мыңнан астам бейнебайланыс ұйымдастырылды. Бейнебайланыс – ең алдымен туыстары басқа аймақ мен елде тұратын адамдарға арналған.

– Еліміздің шалғай өңірлерінде тұратын және нақты кездесулерге келе алмайтын жақын адамдармен бейнебайланыс сотталғандарға әлеуметтік-пайдалы байланыстарды қолдауға көмектеседі және олардың әлеуметтенуіне ықпал етеді, сондай-ақ сотталғандардың психологиялық жай-күйіне оң әсер етеді, – деді СҚО бойынша ҚАЖД бастығы Рустан Ахметжанов.

10 наурызда сотталған Л. жаңа туған немересін алғаш рет бейнебайланыс арқылы көрді.

– Көптен күткен немерем дүниеге келді. Қартайған шағыңда осындай қуанышта отбасыңмен бірге болмау – ең үлкен жаза. Менің жалғыз ұлым бар, бұл менің сегіз жыл ішінде көптен күткен алғашқы және жалғыз немерем. Бұл күні мен отбасымнан жырақтамын, жүрегім ауырады. Мен немеремді құшақтағым келеді. Немеремнің атын Григорий деп өзім қойдым, – дейді сотталған.

Сотталған Л. Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 297-бабы (Есірткі құралдарын, психотроптық заттарды, сол тектестерді заңсыз дайындау, қайта өңдеу, сатып алу, сақтау, өткізу мақсатында тасымалдау, жөнелту не өткізу) бойынша 10 жылға сотталды. Толық жазасын өтеуге бес жыл сегіз ай қалды.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру