Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

СҚО-да сотталғандардың суреттер мен қолданбалы өнер бұйымдарының көрмесі өтті

Солтүстік Қазақстан облыстық бейнелеу өнері мұражайында ҚАЖ департаментінің №48, 50, 51, 52, 66 мекемесіндегі сотталған азаматтар дайындаған “Үміт – 2024” суреттер мен қолданбалы өнер бұйымдарының көрмесі өтті, – деп хабарлайды Polisia.kz.

Көрмеге СҚО бойынша ҚАЖ департаментінің №48, 50, 51, 52, 66 мекемеде жазасын өтеп жатқан сотталғандардың қолынан шыққан өнер туындылары қойылған. Ерікті түрде қолданбалы өнер және көркемөнерпаздар ұйымдарына қатысатын сотталғандар “Үміт” тақырыбында 20 сурет пен 30 қолдан жасалған бұйымды ұсынды.

Көрмеге СҚО бойынша ҚАЖД бастығының орынбасары Қанат Сүлейменов және ҚР суретшілер одағының Солтүстік Қазақстан филиалының төрағасы Ғалия Әбенова қазылық жасады. Қазылар алқасы 9 адамды жеңімпаз деп анықтап, оларды алғыс хаттармен марапаттады және естелік сыйлықтар табыстады. Көрме соңында сотталғандарды рухани-адамгершілік тұрғыдан тәрбиелеу бойынша жұмысты одан әрі жетілдіру жолдары талқыланды.

Мұндай іс-шара қамауда отырған тұлғалардың адамгершілік және эстетикалық құндылықтарын тәрбиелеуге және қалыптастыруға бағытталған, бұл өз кезегінде олардың азаматтық қоғамға бейімделуіне ықпал етеді.

Ескере кететіні, көрмеге қатысушылардың көпшілігінің кәсіби сурет салу саласында тәжірибесі болмаған. Барлығын мекемелерде жазаларын өтеу кезінде үйренген.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру