Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

СҚО-ның бас полицейі Тахтаброд ауылдық округінің тұрғындарымен кездесті

Солтүстік Қазақстан облысы полиция департаментінің бастығы Айдын Қабдұлдинов Ғабит Мүсірепов атындағы ауданда орналасқан Тахтаброд ауылдық округінің тұрғындары алдында өткен есептік кездесуге қатысты, – деп хабарлайды Polisia.kz.

Ауыл тұрғындары аудандық полиция бөлімі бастығының баяндамасын тыңдап, басымдықтары мен жоспарлары туралы білді және облыстық полиция басшысына сұрақтарын қойды. Кездесу Ковыльное ауылында өтіп, оған облыстық және аудандық полиция басшылығынан бөлек аудан әкімі Серік Мұхамедиев пен жұртшылық қатысты.

Есептік кездесу алдында Айдын Қабдұлдинов жеке сұрақтарымен келген азаматтарды қабылдады. Ауыл тұрғындарын негізінен жұмыспен қамту, ІІМ-нің жоғары оқу орындарына оқуға түсу тәртібі, сондай-ақ жол қауіпсіздігін қамтамасыз ету мәселелері қызықтырды.

Есептік кездесу аудандық полиция бөлімінің бастығы Марат Әлжановтың баяндамасымен басталды. Ол Ғабит Мүсірепов атындағы ауданның аумағындағы криминогендік жағдай тұрақты екендігін хабарлады. Ауданда 12 ай ішінде 156 қылмыс тіркеліп, 6900-ден астам әкімшілік құқық бұзушылық анықталған. Марат Әлжанов 2022 жылы жергілікті атқарушы органдар мен шаруашылық басшыларының қолдауымен Ломоносовка ауылында тұрғын үймен біріктірілген заманауи учаскелік полиция пункті салынғанын еске салды; ауданда “қолжетімді полиция” қағидаты шеңберінде жұмыстың сервистік форматына жүйелі түрде көшу жүріп жатыр.

Тахтаброд ауылдық округі облыстың оңтүстік-батысында орналасқан және облыс орталығынан ең алыс орналасқан елді мекендердің бірі. Мұнда 1600-ден астам адам тұрады. Округтің бетке ұстар ауылдарының бірі Ковыльное ауылы; соңғы жылдары бұл елді мекеннің тұрғындары алкогольді ішуден бас тартудың арқасында бірде-бір қылмыс жасаған жоқ. Ауыл тұрғындары алдында сөз сөйлеген облыстық полиция бастығы Айдын Қабдұлдинов СҚО-ның Теңдік және Қарағай ауылдарынан кейін осындай бастаманы кеңейту қажет екенін айтып, осы бастама үшін ауыл тұрғындарына алғысын білдірді.

Айдын Қабдұлдинов өз сөзінде бүгінгі таңда қоғамдағы жаһандық проблема интернет-алаяқтық екенін де атап өтті. Мұндай фактілердің саны ел аумағында артып жатыр. Ал олардан келетін шығын өте көп. Полицейлер азаматтарға қауіпсіздік шараларын белсенді және көрнекі түрде түсіндіруі тиіс. Сондай-ақ, көлік апаттарының алдын алу мақсатында облыстық полиция ведомствосының басшысы ауыл тұрғындарының назарын жол жүрісі қағидаларын қатаң сақтауға шақырды.

Полиция департаментінің грамотасымен марапатталған учаскелік полиция инспекторы Дәулет Молдахметов жерлестерінің қошеметіне бөленді. Қоғамдық тәртіп пен қауіпсіздікті қамтамасыз етуге қосқан үлесі, белсенді өмірлік ұстанымы үшін Тахтаброд ауылдық округінің әкімі Аслан Кұзғанбаевқа және “Ақселеу” ЖШС директоры Серік Малаевқа алғыс хаттар табысталды. Аудан әкімі Серік Мұхамедиев Чистополье ауылдық полиция бөлімшесінің бастығы Бахтияр Ізтулин мен жергілікті полиция қызметі бөлімшесінің бастығы Талғат Мақашевті алғыс хаттармен марапаттады.

Кездесу облыстық полиция департаменті мәдени орталығының вокалдық тобы дайындаған концерттік бағдарламаға ұласты. Погондағы әртістердің өнері шалғайдағы ауылдықтарға ұнап, жақсы көңіл-күй сыйлады.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру