Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

СҚО ПД бастығы қалалық полицияның жеке құрамымен кездесті

СҚО ПД бастығы қалалық полицияның жеке құрамымен кездесуде тәртіп пен коррупцияға мүлдем төзбеушілік туралы айтты, – деп хабарлайды Polisia.kz.

Солтүстік Қазақстан облысы полиция департаментінің бастығы Айдын Қабдұлдинов облыстың ең ірі полиция бөлінісі болып саналатын Петропавл қаласы полиция басқармасының жеке құрамымен кездесті. Кездесудің тақырыбы – сыбайлас жемқорлыққа мүлдем төзбеушілік, тәртіп пен заңдылықты сақтау, азаматтардың өтініштеріне жедел ден қою.

Қалалық бөліністегі жедел уәкілдер, тергеушілер, анықтаушылар, криминалистер, учаскелік, ювеналдық және патрульдік полиция қызметкерлері тәулік бойы облыс орталығында қоғамдық тәртіп пен қауіпсіздікті қамтамасыз етудің алдыңғы шебінде. Петропавл тұрғындары мен қонақтары қалалық полицейлердің кәсібилігі мен дайындық деңгейіне қарап бүкіл солтүстікқазақстандық полицияға баға береді.

Айдын Қабдұлдинов заманауи тәртіп сақшылары бүгінгі таңда жұмысқа қажеттінің барлығымен жабдықталғанын атап өтті. Олардың міндеті – халық пен мемлекет игілігі үшін адал қызмет ету. Қалалық полиция басқармасының бастығы Марат Жұмалиев пен оның орынбасарларына өңірдің бас полицейі ескерткендей, қалалық сақшылар арасында сыбайлас жемқорлық қылмыстарына жол берілген жағдайда, басшылар тәртіптік жауапкершілікке тартылып, лауазымдарынан айырылуы мүмкін.

Тәрбие және кадр жұмысы басқармасының бастығы Абылғазы Ғабдуллин ел полициясының жеке құрамы арасындағы тәртіп пен заңдылықтың жай-күйіне шолу жасады. Сондай-ақ аудиторияға СҚО ПД өзіндік қауіпсіздік басқармасының жұмысы туралы бейнефильм көрсетілді. Естеріңізге сала кетейік, аталған басқарма ішкі істер органдарының қызметкерлері жасаған қылмыстар мен құқық бұзушылықтардың алдын алуға, анықтауға, жолын кесуге және оларды ашуға маманданған.

Солтүстікқазақстандық полиция қызметкерлері тарапынан жасалатын құқыққа қайшы әрекеттер мен қызметтік міндеттерін тиісінше орындамаудың барлық фактілері бойынша СҚО ПД өзіндік қауіпсіздік басқармасының 8 (7152) 61-26-89; +7-700-161-26-89 сенім телефондарына немесе “102” арнасына оқиғаның мән-жайын, күнін, уақытын және нақты орнын көрсете отырып, тікелей жүгінуге болады.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру