Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

СҚО полицейі адам өмірін сақтап қалғаны үшін “Ерлігі үшін” медалімен марапатталды

СҚО полицейі адам өмірін сақтап қалғаны үшін “Ерлігі үшін” медалімен марапатталды, – деп хабарлайды Polisia.kz.

Солтүстік Қазақстан облысының патрульдік полиция қызметкері Руслан Акматов “Ерлігі үшін” мемлекеттік наградасымен марапатталды. Ол 2016 жылы өз өмірін қатерге тігіп, автомобиль көпірінің жақтауынан секірмекші болған қызды құтқарып қалды.

– Ең бірінші оны сөзге тартып, алдап-суладым. Басында ол ашуланды, бірақ бірте-бірте сөйлесе бастады. Темекі сұрады. Мен спортсменмін, жанымдағы әріптесімнен сұрайын дедім. Көпірдің жақтауының ең басына шықтым. Қыз қорқып, жаныма жақындама деді. Мен сізге темекіні қалай берем дедім. Қолымды созып, темекіні ұсына бергенде қолынан шап беріп ұстай алдым, – деп полицей есіне алды

Осы ерлігі үшін Руслан төтенше жағдай органдарымен III дәрежелі “Құтқарушы” төсбелгісімен марапатталды. Ал биыл көптен күткен мемлекеттік марапат та өз иесін тапты. Полиция аға лейтенанты Акматов ішкі істер министрі Марат Ахметжановтың қолынан “Ерлігі үшін” медалін алып, кеудесіне тақты.

Руслан спортпен шұғылданады, ол полицияда жұмыс істеймін деп шешкен кезде, яғни бала кезінен бастап бокс пен қоян-қолтық жекпе-жегімен айналысқан. Егер спорттан хабары болмаса, көпірде орын алған оқиғаның соңы немен аяқталарын болжау мүмкін емес. Руслан тек дене шынықтыруға ғана емес, кәсіби дайындыққа да жауапкершілікпен қарайды – ол өз мамандығы бойынша бір емес бірнеше рет үздік деп танылды.

Патрульдік полиция қызметінде әртүрлі жағдайлар, оқиғалар кездеседі. Босанатын әйелді перинаталдық орталыққа кедергісіз жеткізу, бұзылған көлікті сүйреп апаруға көмектесу, қарт адамды жолдың арғы бетіне өткізу, жоғалғандарды іздеуге қатысу.

– Полиция қызметкері үшін ең бастысы, менің ойымша, адал, әдепті болу, қызметтік міндеттерді абыроймен атқару және жай ғана адам болып қалу, – дейді кейіпкер.

Бұл ретте, Солтүстік Қазақстан облысында ерлік жасап, “Ерлігі үшін” медалімен марапатталған 8 полиция қызметкері қызмет етуде.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру