Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

СҚО полицейлері 32 мас жүргізушіні ұстады

СҚО полицейлері төрт күнде 32 мас жүргізушіні ұстады, – деп хабарлайды Polisia.kz.

СҚО полицейлері “Мас жүргізуші” жедел-профилактикалық іс-шарасын қорытындылады. Маусымның 24-і мен 27-сі аралығында көлікті масаң күйде басқару фактілерін болдырмау бойынша жұмыс күшейтілді.

Жексенбі күні кешке Петропавлда Брусиловский және Гоголь көшелерінің қиылысында Mitsubishi Galant автомашинасын басқарған 52 жастағы қала тұрғыны ұсталды. Ер адамнан алкоголь иісі сезілген, тілі күрмеліп тұрған. Көлікте бір бөтелке спирттік ішімдік болған. Медициналық куәландыру алкогольдік масаюды көрсетті.

2017 жылы қала тұрғыны масаң күйде көлік басқарғаны үшін басқару құқығынан үш жылға айырылған болатын. Жазасының мерзімі өткенімен, ер адам жүргізуші куәлігін қайтаруға асықпаған. Оған қатысты ҚР Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 608-бабы 6-бөлігі (Басқару құқығы жоқ тұлғамен көлік құралын масаң күйде басқару) бойынша материал жинастырылды. Сот шешімімен қала тұрғынына 20 тәулікке әкімшілік қамауға алу жазасы тағайындалды.

– Тәжірибе көрсеткендей, мәселе аса өзекті. Жедел-профилактикалық іс-шараның төрт күнінде облыс жолдарында 32 мас жүргізуші ұсталды. Бұндай жағдайдың әрқайсы – жол қозғалысына қатысушылар үшін аса қауіпті. Спирттік ішімдік ішіп, рөлге отырғаны үшін әкімшілік қамаудан бөлек, жеті жылға жүргізу құқығынан айыру көзделген, – деді СҚО Полиция департаменті Жергілікті полиция қызметі басқармасы бастығы Айдын Байматов.

Бұдан бөлек, полицейлер көлікті басқару құқығынсыз жүргізген 47 адамды жауапқа тартты. 169 жүргізуші жылдамдық режимін бұзған, 55-сі жаяу жүргіншілерге жол бермеген. Жалпы жедел-профилактикалық іс-шара кезінде жол қозғалысы ережелерінің 1 967 бұзушылығы анықталды.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру