Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

СҚО полицейлері 50-ден астам көпбалалы отбасыны құттықтады

1 маусым күні СҚО ПД басшысы Марат Төлебаевтың бастауымен Отбасылық үлгідегі балалар ауылында болды, – деп хабарлайды Polisia.kz.

Олар тек жемістер мен тәттілер апарып, СҚО ПД мәдени орталығының вокалдық тобы ашық аспан астында 40 тәрбиеленушіге арнап концерт ұйымдастырды.

Өңірдің бас полицейі балаларды мерекесімен құттықтады.

 

– Сендер – біздің болашағымызсыңдар, – деді ол. – Сендердің араларыңда – елімізді көркейтуге, нығайтуға үлес қосатын ертеңгі мемлекеттік қызметшілер, ғарышкерлер, әртістер мен полицейлер бар. – Балаларға жағдай жасау біздердің, яғни ересектердің міндеті, сондықтан балаларды тек мереке күндері ғана қолдаумен шектелмейміз.

Балалар ауылының директоры Арыстан Әкімжанов алғысын білдіріп, полицейлердің тәрбиеленушілерді әрдайым назардан тыс қалдырмайтындарын айтып кетті.

Сондай-ақ, Марат Төлебаев Қызылжар ауданының бұрынғы учаскелік полиция инспекторы отставкадағы полиция капитаны Талғат Әбілдин мен Тылдық қамтамасыз ету басқармасының қызметкері Ғалия Қаймолдинаның отбасына барды. Олар жеті бала тәрбиелеп отыр. Тұңғышы 14 жаста болса, кенжесінің туғанына әлі 40 күн болған жоқ. 13 жасар Дана, сегіз және жеті жастағы Әділ мен Әлжан «Жас сарбаз» әскери-патриоттық клубқа барады. Айта кететіні, клубта Калашников автоматын бұзып-жинаудан Әділ алдына жан салмайды. Отбасына қажетті тұрмыстық техника сыйға тартылды. Марат Төлебаев балалардың жақсы оқып, ата-аналарына тірек болуына тілектестігін білдірді.

– Табысталған сыйлықтар мен жылы тілектеріңізге іні–сіңлілерімнің атынан алғыс білдіремін, – деді 14 жасар Дария. – Біз полицейлер жұмысының оңай емес екендігін жақсы білеміз. Аналарымыз бен әкелеріміздің жұмыс кезінде уақыт тауып біздерге келіп-кететініне ризамыз.

Барлық полиция бөліністерінің басшылары Қазақстанның кішкентай қорғаушыларына көмек көрсетуге уақыт тапты. Олар көпбалалы және мүмкіндігі шектеулі бала тәрбиелеп отырған отбасыларына сыйлықтары мен қоса құттықтауларын ала келді. ЖПҚ аппаратының аға инспекторы Сайран Сәркенов алты балалы отбасына азық-түлік пен тәттілер әкелді. Аудандық полиция бөлімдерінің басшылары да бұл игі істен тыс қалмады, мәселен, Жамбыл ауданының ПБ басшысы Асан Мейрамов екі тұрмысы төмен отбасына сақшылармен жиналған материалдық көмекті табыстады. Жалпы тәртіп сақшылары бүгін 50-ден астам көпбалалы отбасын құттықтады.

 

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру