СҚО полицейлері бірер сағаттың ішінде ұрланған бұзауларды иесіне қайтарды
СҚО полицейлері бірер сағаттың ішінде ұрланған бұзауларды иесіне қайтарды, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Тайынша ауданының Рощинское ауылында механизатор полицияға жүгінген. Ол түнде үйінің маңайында байлаулы тұрған жерінен 2 және 4 айлық екі бұзаудың ұрланғаны жайлы хабарлаған. Келтірілген шығын көлемі 250 мың теңгені құрады. Аталған факті ҚР Қылмыстық кодексінің 188-1-бабы (Мал ұрлығы) бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексерулердің бірыңғай тізіліміне енгізілді.
Жедел-іздестіру іс-шаралары нәтижесінде көршілес Есіл ауданының 22 мен 27 жастағы екі тұрғынының қылмысқа қатысы анықталды. Олардың ішіндегі жасы үлкені бұрын заңсыз аң аулағаны үшін сотталған. Жедел уәкілдер олардың үйінің жанындағы бір түп талдың маңынан ұрланған жануарларды тауып алды.
Ұсталғандардың айтуынша, олар бұзауларды таңертең ВАЗ-2110 автокөлігімен өтіп бара жатып байқаған. Бұзаудың біреуін жүксалғышқа, екіншісін салонға тиеп алып кеткен. Полицейлер бұзауларды сол күні қайтарып берді. Бұзаулардың иесі қуанышын жасыра алмады, ол тәртіп сақшыларына қылмысты жедел ашқаны үшін алғысын білдірді, – бұл жеке шаруашылық үшін үлкен шығын еді.
– Ауыл тұрғындарын малды қараусыз қалдырмауға шақырамыз. Бұл мал ұрыларына қолайлы жағдай жасайды. Полиция қызметкерлері алдын алу жұмыстарын жүргізіп, ауыл тұрғындарына қаңғып жүрген мал үшін көзделген жауапкершілік туралы түсіндіруде. Атап айтқанда, 7 айда облыста мал жаю ережелерін бұзғаны үшін 227 хаттама толтырылды. Бұндай тәжірибе – мал ұрлығының алдын алудың тиімді тетігі, ол өз кезегінде аталған қылмыс түрінің айтарлықтай азаюына әкелді. Жыл басынан бері мал ұрлаудың 10 фактісі тіркелді – өткен жылдың ұқсас кезеңінде бұндай 19 факті тіркелген болатын, – дейді СҚО ПД Криминалдық полиция басқармасының бастығы Марат Жұмалиев.