Жыл басынан бері СҚО полицейлері 600-ден астам мас жүргізушіні ұстады
Жыл басынан бері СҚО полицейлері 600-ден астам мас жүргізушіні ұстады, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Қызылжар ауданы Ольшанка ауылының маңында ВАЗ 2174 автокөлігі тоқтатылды. Рөлде 33 жастағы петропавлдық болған, одан спирттік ішімдіктің иісі білінген. Медициналық куәландыру оның алкогольдік масаң күйде болғанын көрсетті. Полицейлер Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 608-бабы (Жүргізушінің көлік құралын алкогольдік масаң күйде басқаруы) бойынша материал жинастырды. Баптың санкциясымен 15 тәулікке дейін әкімшілік қамауға алу түріндегі жаза көзделген.
Дәл сол күні масаң күйде көлік басқару фактісі облыс орталығының маңынан анықталды.
ВАЗ-2112 автокөлігін 23 жастағы қала тұрғыны басқарған. Ол Жезқазған – Петропавл автожолында шамамен таңғы сағат 04.00-де ұсталды. Тексеріс барысында онда көлік құралын басқару құқығының жоқтығы анықталды. Ер адам 20 тәулікке қамауға алынуы мүмкін.
– Тағы бір ұқсас жағдай келесі күні Аққайың ауданында анықталды. Патрульдік полицейлер МТЗ-80 тракторын басқарып келе жатқан, 35 жастағы мас ауыл тұрғынын тоқтатқан, онда көлік құралын басқару құқығы болмаған. Масаң күйде көлік құралын басқару барлық жол қозғалысына қатысушыларға қауіп төндіреді. Мас жүргізуші – қылмыскерге айналуы мүмкін. Осыған ұқсас фактілерді анықтау – патрульдік полиция жұмысындағы ерекше бағыт. Жыл басынан бері СҚО-да автокөлікті масаң күйде басқарудың 655 фактісі анықталды, – дейді СҚО ПД Жергілікті полиция қызметі басқармасы бастығының міндетін атқарушы Александр Розбах.