Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

СҚО полицейлері боранды күндері қала сыртындағы жолдарда жүргізушілерге көмектесті

СҚО полицейлері боранды күндері қала сыртындағы жолдарда жүргізушілерге көмектесті, – деп хабарлайды Polisia.kz.

Демалыс күндері ауа райы солтүстікқазақстандықтар мен облыс қонақтарына қолайсыздық тудырды. Жексенбі күні кешке жауаған қалың қар мен өткір желдің соңы ұйытқыған боранға айналды. Бұл күндері полицейлер құтқарушылармен қатар қиын жағдайда қалған жүргізушілерге көмек көрсетті.

Қаңтардың 15-і республикалық маңызы бар автожолдың Аралағаш ауылы маңындағы бөлігінде авто тасымалдайтын трейлердің дөңгелегі жарылып, істен шыққан. Новосібірден Қырғызстанға бет алған жүргізуші – 31 жастағы Сергей Копылов әбден әбігерге түскен.

Абырой болғанда, жақын маңда, құрамында полиция қызметкерлері Арман Оразбай мен Нұрсұлтан Жаңбыршин бар автопатруль қызмет атқарып жүрген. Полицейлер құрал-саймандардың жиынтығын әкеліп, екі сағаттың ішінде дөңгелегін бірге ауыстырған. Полицейлерге риза болған жүргізуші, тоңғанына да, шаршағанына да қарамастан, естелікке шағын бейнежазба түсіріп алған.

Тағы бір оқиға Ақанбарақ ауылы маңындағы Жезқазған-Петропавл тас жолында орын алған. Нарасан Әміржанов пен Денис Солохин бар экипаж жолдың жиегінде тұрған Renault Duster көлігін байқайды. Көліктің жанар-жағармайы таусылып қалған екен. Полицейлер жақын жердегі жанар-жағармай станциясына сүйреп жеткізді.

Қазіргі кезде СҚО-ның барлық жолдары ашық, жол қызметтері жолдарды қардан тазартуда. Дегенмен Ғабит Мүсірепов атындағы, Айыртау аудандарында және облыстың оңтүстігіндегі шеткі аудандарда боран әлі де жалғасуда.

Полицейлер ауа райы қолайсыз болған күндері елді мекендерден алыс сапарға шығу – салдары ауыр болатын жол көлік оқиғаларына әкеп соғуы мүмкін екенін ескертеді.

Қаңтардың 15-і Көкшетау-Рузаевка тас жолында екі көлік соқтығысқан. Volkswagen Passat автокөлігінде қысылып қалған әйелді шығару үшін құтқарушылардың жедел көмегі қажет болды.

– Аязды, боранды күндері алыс сапарға шықпаған жөн. Жүргізушілердің жолға құрал-саймандарын, қосалқы дөңгелек пен ұялы телефондарын қуаттап алып шыққаны дұрыс, – дейді СҚО ПД Жергілікті полиция қызметі басқармасының бастығы Айдын Байматов.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру