Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

СҚО полицейлері буллингтің алдын алу үшін креативті жоспарларын іске асырды

Ұйымдасқан қылмысқа қарсы күрес басқармасы қызметкерлерінің бастамасымен №8 орта жалпы білім беретін эстетикалық тәрбие мектеп-кешенінің оқушылары жасөспірімдер арасындағы ұжымдық буллингтің алдын алуға бағытталған бейнероликке түсті, – деп хабарлайды Polisia.kz.

Әлеуметтік роликте, басқаша айтқанда, ұзақтығы бес жарым минут болатын қысқаметражды фильмде жаңа мектепке білім алуға ауысқан оқушының қорқынышы жайлы баяндалады. Түсінде мектептегі сыныптастарының тарапынан болған кемсітушілік пен қатыгездікті көреді. Шын мәнінде өңінде сыныппен танысуы жақсы өтеді. Барлығы оны жақсы қарсы алады. Осылайша, петропавлдық оқушылар буллинг пен зорлық-зомбылыққа қарсылықтарын көрсетті. Олардың пікірімен шоу-бизнес өкілдері Rin’Go тобы мен Luina да келісіп отыр. Ал роликке түскен полиция қызметкерлері буллингтің заң бойынша қудаланатындығын еске салады және оның құрбаны болған балаларға СҚО ПД ҰҚҚКБ-ның +7-702-296-21-02 сенім телефонына хабарласуға кеңес береді.

– Буллинг – бүгінгі замандағы алдын алу шараларын қабылдауды қажет ететін өзекті проблемалардың бірі. Мұндай фактілер жаппай қысым көрсетуге, жәбірленуші мен қысым көрсетушілердің психологиялық проблемаларына, өмірдегі жоспарларға кедергі келтіретін қылмыстық қудалауға алып келуі мүмкін, – дейді ҰҚҚКБ бастығы Жандос Басыбаев.

Түсірілім жұмыстарын полиция департаментіндегі баспасөз қызметінің маманы жүргізді. Сценарийді № 8 мектептің ұстаздары жазды, ал шағын фильмдегі рөлді театр үйірмесіне қатысып жүрген оқушылардың өздері орындап шықты.

Бейнероликті YouTube желісінен, сондай-ақ СҚО полиция департаментінің әлеуметтік желілердегі аккаунттарынан тамашалауға болады.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру