Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

СҚО полицейлері кәмелетке толмағандардың жұмысқа орналасу мәселелерін түсіндірді

Солтүстік Қазақстан облысының полицейлері 1 маусымнан “Бала еңбегін пайдалануға қарсы 12 күндік күрес” ұлттық ақпараттық кампанияға қатысып жатыр, – деп хабарлайды Polisia.kz.

Акцияның мақсаты – тек жасөспірімдердің ғана емес, сондай-ақ ата-аналар мен 18 жасқа толмағандарды жұмысқа алуға әзір кәсіпкерлердің құқықтық сауаттылықтарын арттыру.

 


– Кәмелетке толмағандардың еңбегін заңды пайдалану – полицейлердің жыл сайын тап болатын “маусымды” мәселелерінің бірі, – дейді СҚО ПД басшысының бірінші орынбасары Қанат Айтбаев. – Петропавлда демалыс кезінде жасөспірімдер көбіне дәмханаларда және базарларда жұмыс істейді. Өкінішке орай, жұмыс берушілер баланың жас мөлшеріне келетін жұмыс жағдайын ұсына бермейді. Ювеналдық полицейлер үгіттеу жұмыстарымен қатар кәмелетке толмағандардың мүдделеріне қатысты құқық бұзушылықтарды анықтайды.

“Отбасында зорлық-зомбылыққа жол жоқ”, “Түнгі қаладағы балалар”, “Жасөспірім”, “Көше” — бұл рейдтердің атауы өзі айтып тұрғандай. “Балаларды бірге қорғайық” ұранымен тәртіп сақшылары қалалық мәдениет және демалыс саябағын, базарлар мен қоғамдық орындарды аралап өтті.

Ювеналдық полицейлер кәмелетке толмағандардың жұмыс істеуі мүмкін орындарды тексерді, балалар еңбегін пайдаланудың алдын алу мақсатында халықпен профилактикалық әңгіме жүргізді, балалардың мүдделерін қорғау мәселелері бойынша жадынамаларды табыс етті. Акцияға барынша назар аударту үшін тәртіп сақшылары отбасының құндылықтарын насихаттайтын жағымды бейнероликтерге монтаж жасап, әлеуметтік желілерге орналастырды. Сынып жетекшілері және ата-аналар қауымдастығымен ақпараттық жұмыс қашықтықтан жүргізіліп жатыр.

Тәртіп сақшылары 18 жасқа толмағандар түнде жұмыс істей алмайтынын, олардың ой-өрісінің дамуына қауіп төндіретін ауыр жұмыстарды тапсыруға болмайтынын еске салады. 16 жасқа дейін ата-аналардың бірі еңбек шартына қол қоюы керек. 14 жастан 16 жасқа дейінгі балалардың жұмыс уақыты аптасына 24 сағаттан, 16 жастан 18 жасқа дейін – аптасына 36 сағаттан аспауы тиіс. Басқа шектеулер де бар, мысалы, жұмыс оқу процесіне зиян келтірмеуі керек, 18 жасқа толмағандарға толық материалдық жауапкершілікті жүктеуге болмайды.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру