СҚО полицейлері кішкентай пациентті шұғыл ауруханаға жеткізді
СҚО полицейлері кішкентай пациенті бар көлікке ілесіп, шұғыл ауруханаға жеткізді, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Мамырдың 25-і СҚО ПД патрульдік полиция батальонының қызметкерлері Руслан Сүлейменов пен Айдар Нұрғожин Аққайың ауданынан ішінде жедел дәрігерлік көмек қажет нәресте бар көліктің Петропавлға асығып келе жатқаны туралы хабар алады.
Сүлейменов пен Нұрғожин жігіттің басқаруындағы Volkswagen машинасын аудан орталығы Бескөл маңында қарсы алады. Көлік салонында қолында бір айлық нәрестесі бар келіншегі және медицина қызметкері болған. Тәртіп сақшылары жылдам жүруге басымдық беретін жарқылдауық маяктарын қосып, аудан тұрғындарын Облыстық балалар ауруханасының дәл алдына дейін жеткізіп салды. Алдын ала ескертіліп қойған дәрігерлер кішкентай науқасты шұғыл қабылдады.
Бүгін де балақайдың беті бер қарап қалған. Әкесі Максим дер кезінде көмек көрсеткен патрульдік полицейлерге ризашылығын білдіреді және алғысын жеке өзі білдіре алмағанына қынжылады.
– Полицейлер бізді қарсы алған кезде уақыт тығыз болды, сөйлесе алмадық, – дейді ол. – Көлік ішінде медицина қызметкерінің сары қобдишасын көрген полицейлер, соңымыздан еріңдер деген белгі берді. Жүре бізге қатарласып, көлік терезесін ашып, қандай ауруханаға жеткізу қажет екендігін сұрады.
– Тапсырмаларын ойдағыдай орындаған тәртіп сақшылары бағыттарына оралды, – деп хабарлайды СҚО ПД ППБ командирі Ерлан Мәдиев. – Бұл оқиғаның мән-жайын кейін сұрастырған. Сол сәтте жағдайдың күрделі екенін сезген, әрі баланың көмекке мұқтаж екендігін байқаған полицейлер, мән-жайды сұрап тұрмаған. Мұндай жағдайлар – жедел ден қоюға, қиын кезде адамдарға көмек көрсетуге берілетін тапсырмалардың жарқын көрсеткіші.