СҚО полицейлері өткен түні қар құрсауынан 20 адамды құтқарды
Жамбыл ауданы Благовещенка ауылының тұрғындары үшін өткен түнде жайсыз жағдай болды, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Ғ. Мүсірепов атындағы ауданнан төрт көлікпен келе жатқан ауылдықтарға Жамбыл ауданы Айтуар ауылы маңындағы автожолындағы қар құрсауы бөгет болды. Оның үстіне боран кедергі келтірді. Жайсыз оқиға туралы олар төтенше қызметі нөміріне хабарлаған. Архангелка ауылдық округінің учаскелік полиция инспекторы полиция капитаны Атығай Темешев жергілікті атқарушы органдары және қар басқан жолды көрсететін «жедел жәрдем» жүргізушісін тарта отырып, құтқару операциясын жедел ұйымдастырды. Көмекке келген полицей, ауылдық округтің әкімі Алтын Ташенова, жүргізушілер Владимир Борисов пен Артем Суров батып қалған көліктерді итеріп, қар тазалап біраз уақыттарын жол үстінде өткізді. Батқан жерден Айтуар ауылына дейінгі 9 шақырым жерді «жедел жәрдем» машинасы жол сілтеді, ал Благовещенка ауылына дейін қар тазалайтын техника ілесіп жүрді. «Бұндай жағдайда ауылдықтардың ұйымшылдығы, қайырымдылығы септігін тигізеді, қолдан келген көмектерін аямайды. Бастысы, үсіп қалуға жол бермеу. Көліктегі жолаушылардың арасында бала да болды», – дейді Атығай Темешев. Сондай-ақ, ол қыста қар құрсауында қалған, не көлігі сынып қалған жолаушыларға жиі көмектесуге тура келетінін айтады.
Есіл ауданында автожолда кезекшілікте жүрген ПД ЖПҚБ патрульдік полиция батальонының инспекторлары балықшы мен оның 14 жасар баласын қар құрсауынан аман алып қалды. Кенеттен басталған бораннан Митсубиси Паджеро автомобилінің жүргізушісі көлдің басынан кетіп үлгермей қалған. Полиция кіші лейтенанттары Данияр Жақыпов пен Нұрсұлтан Аушахмановқа, учаскелік полиция инспекторы Денис Войцеховкийге және жергілікті ЖШС-ке Денис Беляков алғысын білдірді. Олардың бәрі машинаны эвакуациялауға көмектескен.
Осы орайда, полицейлер қыстағы ауа райының қолайсыз жағдайы кезінде жолаушыларды синоптиктердің, төтенше жағдай қызметтерінің хабарламаларына құлақ асып, бұл күндері алыс жолға шықпауға кеңес береді.