Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

СҚО полицейлері үйлерді тонаған екі ұрыны ұстады

СҚО полицейлері үйлерді тонаған екі ұрыны ұстады, – деп хабарлайды Polisia.kz.

Жаз басталғалы Петропавлда бірнеше пәтер ұрлығы тіркелді. Қылмыскерлер ұрлыққа күндіз түскен, есікті арнайы кілтпен ашқан. Бір жағдайда ұры пәтерге екінші қабаттағы балкон терезесінен кірген. 13 шілде күні қаскөйлер Интернациональная көшесіндегі үйге кіріп, ақшалай қаражат пен алтын бұйымдарды қолды қылған. Заттардың иесінің сөзіне қарағанда, шығын сомасы 2 миллионнан асады. Әккі пәтер ұрылары аса сақ болғандарына қарамастан, полицейлер олардың ізіне түсті. Облыстық Полиция департаменті және Петропавл қ. ПБ жедел уәкілдері куәгерлердің түсініктемелерін, оқиға орындарынан жақын жерде орналасқан бейне бақылау камераларының жазбаларын егжей-тегжейлі зерделеді. Сондай-ақ, осындай қылмыстар жасағаны үшін істі болған, жақында бас бостандығынан айыру орындарынан босатылғандар тексерілді. Қылмысты жасау жолы өткен жылы желтоқсан айында босап шыққан, наркологиялық орталықта есепте тұрған бұрын сотты болған 36 жастағы қала тұрғыны екенін көрсетті. Екінші күдікті бұрын сотты болған оның 34 жастағы танысы болып шықты. Олар 14 шілде күні ұсталды.

Күдіктілерге қатысты қамауға алу түріндегі бұлтартпау шарасы қолданылды. ҚР Қылмыстық кодексінің 188-бабы 3-бөлігі бойынша Сотқа дейінгі тергеп-тексеру басталды. Ұрланған заттардың бір бөлігі қала ломбардтарынан алынды.

– Қазіргі уақытта істе алты эпизод бар, Петропавл қ. тұрғындарына келтірілген шығын сомасы 3 миллион 190 мың теңгені құрайды, – деп түсіндірді СҚО Полиция департаменті бастығының орынбасары Руслан Назаров. – Күдіктілердің ұқсас қылмыстарға қатысы тексерілуде. Барлық жағдайларда да қаскөйлер құлыптары осал пәтерлерді, бейне бақылау орнатылмаған подъездерді таңдаған. Баршаңызды үйлеріңізді қылмыстық қол сұғушылықтан қорғау үшін тиісті шаралар қабылдауға шақырамыз. Мүмкіндігінше үй подъездерін бейне бақылау камераларымен жабдықтаған жөн. Пәтерден шығарда есіктің жабылғанына көз жеткізу қажет.


СҚО жыл басынан 274 пәтер ұрлығы тіркелді, қазіргі уақытта оның 190-ы ашылды.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру