Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

СҚО полицейлері жастарға адам саудасынан қалай қорғану керектігін айтты

СҚО полицейлері жастарға адам саудасынан қалай қорғану керектігін айтып берді, – деп хабарлайды Polisia.kz.

Құлдық пен адам саудасы – қазіргі әлемде жаһандық проблемаға айналды. Қылмыскерлердің құрбаны болмау, еңбек және жыныстық қанауға түсіп қалмау – осы және басқа да мәселелер солтүстікқазақстандық полицейлердің “Stop трафик” жедел-профилактикалық іс-шарасы шеңберінде жүргізіп жатқан алдын алу жұмыстарының негізгі мақсаты болды.

Жедел-профилактикалық іс-шара барысында СҚО полиция департаментінің құрамындағы ұйымдасқан қылмысқа қарсы күрес басқармасының қызметкерлері Мағжан Жұмабаев атындағы жоғары колледждің оқушыларымен кездесті. Олар балаларға адамды заңсыз пайдаланудың түрлері мен алдап-арбау тәсілдері туралы айтып, “жақсы табыс” уәде етілген интернет-ресурстардан аулақ болу керектігін ескертті. Мұндай хабарландырулар еңбек және жыныстық қанауға тарту үшін алданған адамдарды жеткізетін арбаушылардың әрекетіндегі алғашқы қадамдардың бірі.

Бейтаныс адамдармен сөйлескен кезде жеке басыңызға қатысты ақпаратты айтпаған жөн. Өйткені бұл ақпарат кейін қысым көрсету құралына айналуы мүмкін. Сондай-ақ тәртіп сақшылары адам саудасына байланысты қылмыстарға қатысу үшін заңмен 7 жылға дейін, ал қылмыс құрамын ауырлататын жағдайларда 15 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы көзделгенін айтып өтті.

– Кездесу барысында оқушылар қызықтырған сұрақтарын қойып, бұл проблемаға алаңдаушылықтарын білдірді. Осындай тақырыпта басқа да іс-шаралар өткізіліп жатыр. Мысалы, еріктілердің, жоғары құрылыс-экономикалық колледж студенттерінің қолдауымен Петропавлдағы ірі сауда орталықтарының бірінде акция өткізілді. Бұл акция туралы әлеуметтік желілерге арналған бейнеролик түсірілді. Қала тұрғындары мен қонақтарына буклеттер мен флаерлер таратылды, адам саудасының қауіптілігі түсіндірілді. Осындай қылмыстармен байланысты болуы мүмкін кез келген фактілер туралы дереу “102” арнасына немесе 11616 және 8-8000-8000-15 республикалық сенім телефондарына хабарлау қажет екені еске саламыз, – дейді СҚО ПД ұйымдасқан қылмысқа қарсы күрес басқармасының бастығы Жандос Басыбаев.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру