Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

СҚО полицейлері “жедел жәрдем” көлігін айдап әкетпек болған мас ауылдықты ұстады

Есіл ауданында 37 жастағы ауыл тұрғыны орталық аудандық аурухана қызметкерін ұрып, дәрігерлердің екі көлігін бүлдірген, – деп хабарлайды Polisia.kz.

Ол масаң күйде аурухана ауласында тұрған жедел жәрдем көлігін айдап әкеткен. Ол аула аумағында тұрған “ВАЗ 2121” қызметтік автокөлігіне соғылып, ұзап кетуге үлгермейді. Бұдан кейін ер адам келген жүргізушіні соққыға жыққан. Ер адам шақырту бойынша келіп жеткен учаскелік полиция инспекторымен ұсталды.

Есіл ауданы ПБ бастығы Ерлік Есләмбековтің айтуынша, аталған факті Сотқа дейінгі тергеп-тексерудің бірыңғай тізіліміне ҚР Қылмыстық кодексінің 200-бабы 3-б. (Автомобильдi немесе өзге де көлiк құралын жымқыру мақсатынсыз құқыққа сыйымсыз иеленіп алу) бойынша енгізілді. Бұдан бөлек, ауыл тұрғынына қатысты ҚР Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 608-бабы 3-б. (Жүргізушінің көлік құралын алкогольдік, есірткілік және (немесе) уытқұмарлық масаң күйде басқаруы, сол сияқты көлік құралын алкогольдік, есірткілік және (немесе) уытқұмарлық масаң күйдегі адамның басқаруына беру) бойынша хаттама толтырылды. Сотқа дейінгі тергеу бұзушы 20 тәулік әкімшілік қамау жазасын өтегеннен кейін жалғасатын болады. Жүргізушіні соққыға жығу фактісі бойынша процессуалдық шешім сот-медициналық сараптамасынан кейін қабылданатын болады.

– Автокөлікті құқыққа сыйымсыз иемденіп алу фактілері көп жағдайда масаң күйде жасалатынын атап өткен жөн, – деді СҚО Полиция департаменті Криминалдық полиция басқармасының бастығы Петр Климов. – Біреудің көлігін иемденіп алу ниеті спирттік ішімдікті бірлесіп ішкеннен кейін пайда болып жатады. Автокөлік иелерін мүліктеріне сақтықпен қарап, көліктің оталдыру кілтін қалдырмауға, үйде бөтен адамдар болса, көзге көрінетін жерге қойып кетпеуге шақырамыз.

Жалпы жыл басынан СҚО-да ҚР ҚК 200-бабы бойынша 67 факті тіркелді.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру