Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

СҚО полицейлері жоғалған 14 бас жылқыны іздеп тапты

Солтүстік Қазақстан облысының полицейлері жоғалған 14 бас жылқыны іздеп тапты, – деп хабарлайды Polisia.kz.

15 қараша күні Қызылжар ауданында тұратын 65 жастағы бақташы жылқыларды табуға көмек сұрап, полицияға жүгінеді. Жоғалған 14 жылқының өзіне тиесілі 11-і Прибрежное ауылы маңында табынды қараусыз қалдырған кезде жоғалған. Ер адам ұлымен бірге жылқыларды үш күн бойы іздеген, кейін аудандық полиция бөліміне барған. Осы уақыт аралығында қар жауып, іздер көрінбей қалғанына қарамастан, төрт полиция тобы іздеуге кіріседі. Жылқылар “Вороний остров” ауданы маңынан табылды, бәрі түгел. Бақташыға қатысты ҚР Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 408-бабы (Ауыл шаруашылығы жануарларын жаю қағидаларын, иттер мен мысықтарды асырау және серуендету қағидаларын, қаңғыбас иттер мен мысықтарды аулау және жою қағидаларын бұзу) бойынша, сондай-ақ жылқыларға таңба салынбағандықтан ҚР Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 406-бабы (Қазақстан Республикасының ветеринария саласындағы заңнамасын бұзу) бойынша материал жинастырылды. Айта кетсек, ауыл тұрғыны ағымдағы жылы мал жаю және жол қозғалысы ережелерін бұзғаны үшін жауапқа тартылған – табын жолға шығып, өтіп бара жатқан көліктерге қауіп төндірген екен.

– Осындай жағдайлар малды ұйымдастырып бағудың маңызын ұғындыруы тиіс, – деді Қызылжар ауданы ПБ бастығы Әлихан Байқадамов. – Бос жүрген жылқылар жолға шығып, жол-көлік оқиғасына себепші болуы немесе мал ұрыларының қолына түсуі мүмкін. Ауыл тұрғындарын мал бағу ережелерін және заңнаманың басқа да талаптарын қатаң ұстануға шақырамыз. Мал жоғалған жағдайда қауіптен сақтану үшін полицияға уақтылы жүгіну қажет.

15 тамыздан бастап күшіне енген мал бағу ережелерінің бұзушылықтары үшін Қызылжар ауданында 149 материал жиналды. Тағы 23 адам таңба салынбаған мал үшін жауапқа тартылды. Полицейлерге мал иелерін анықтау үшін қаңғып жүрген малды арнайы тұраққа он рет айдап апаруға тура келген.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру