Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

СҚО полицейлерімен боранды күні ондаған адам эвакуацияланды

СҚО полицейлерімен боранды күні ондаған адам эвакуацияланды, – деп хабарлайды Polisia.kz.

СҚО полиция қызметі өткен тәуліктерде қатты боранның салдарынан күшейтілген режимде жұмыс істеді. Кептелістер мен апаттарды болдырмау және адамдардың үсіп қалмауы үшін барлық бағыттардағы автожолдар мен трассалар патрульденді. Жол қызметтері бораннан түк көрінбейтін жағдайда адамдар мен батып қалған техникаларды құтқару операцияларын жүргізді. Тайынша ауданы Теңдік ауылының тұрғыны аудан орталығындағы ауруханаға үш жасар қызын апара жатқан. «Нива» автокөлігі салонында жеті жасар баласы да болған. Машинасы Тайыншадан алты шақырым жерде батып қалып, ер адам «102» арнасына хабарласады. Полицейлер медицина қызметкерлерін ескертіп, аудан кәсіпкерлерінен көмек сұрайды. Ауа райының қолайсыздығынан арнайы техниканың өзі әзер жұмыс істеді. Үш техниканың біреуі кюветке кетіп, екіншісі сынып қалған. Үшіншісі батып тұрған «Нива» автомашинасына қарай «жедел жәрдем» көлігіне жол ашып, үш жасар қызды ауруханаға жеткізуге мүмкіндік берді. Дәл осы аудандық полиция бөлімінің жеке құрамы мен тұрғындары жоғалып кеткен жылқышыны іздеуге жұмылдырылды. Жылқышы әйеліне хабарласып, өзінің қай жерде жүргенін білмейтіндігін айтқан. Жалғыз ақ белгі, бұл қамыстардың болуы. Ер адамды жергілікті ЖШС-дің төрт тракторымен іздеген. Көп ұзамай жылқышы табылды деген хабар келді: аты іздеу техникасының ізімен жүріп, салт аттыны үйіне әкелген. Аққайың ауданында тағы бір жылқышы боран басталғанша жылқыларын қамап үлгермеген. Ол учаскелік полиция инспекторы Ерлан Әбіловке хабарласқан. Учаскелік инспектор мен жергілікті тұрғындар жылқышыны трактормен, қарда жүргіш техникамен іздеді.

«Салют» ЖШС директоры Андрей Буткомен топта іздеу жұмыстарын жүргізген инспектордың асығы алшысынан түсті. Ал Есіл ауданының тәртіп сақшылары, құтқарушылар мен ауылдықтар салт атпен кетіп, күннің райы бұзылғанша үйіне оралмаған 17 жастағы жігітті іздеді. Жігітті жергілікті тұрғындар Александр Метринский және қарда жүргіш техникада бірге болған Әділбек Болатов тапты. Олар жігітті трассаға дейін жеткізсе, ол жерден «Трэкол» арнайы техникасымен эвакуациялады.

Салонында тоғыз адам, оның ішінде бір бала бар үш автокөлік Жамбыл ауданындағы Рождественка ауылынан үш шақырым жердегі жергілікті маңызы бар автожолда қар құрсауында қалған. Оларды аудандық полиция бөлімінің бастығы Асан Мейрамов бастаған полицейлер мен «Стройтрест 17» ЖШҚ қызметкерлері құтқарды. 5 сағаттық жұмыстан кейін адамдарды эвакуациялап, жылыту пунктіне жеткізді. Дәл сол күні аудан полицейлері ішінде жолаушылары бар сынып қалған «ВАЗ 2110» автомашинасын сүйреп шығарған. Қас қарайған кезде Айымжан және Пресновка ауылдарының ортасында екі жеңіл көлік тұрып қалған. Барлық жүргізушілер мен жолаушылар жылыту пунктіне жеткізілді, олар түнеу орнымен және ыстық тамақпен қамтамасыз етілді. Адамдардың жылы лебіздері біз үшін маңызды.

Мамлют ауданында қар құрсауынан «DAF» жүк көлігін сүйреп шығару қажет болды. Тағы 48 жүк көлігі және бес жеңіл көлік аудан орталығы Мамлюткадағы «Челябі-Новосібір» тас жолы бойындағы тұрақпен қамтамасыз етілді. Аудан әкімі Владислав Лукин, аудан прокуроры Самат Төлегенов, аудандық ПБ және ТЖ басшылары жүргізушілер мен жолаушылардың қауіпсіздігін және оларды орналастыруды, мамлюттіктерді тұрғылықты мекенжайларына жеткізуді ұйымдастырумен жеке айналысты.

– Ауа райының қолайсыздығынан барлық жол қызметтері барынша жұмыс істеуде, – дейді ПД бастығы Марат Төлебаев. – Тек республикалық маңызы бар автожолардағы жүргізушілер ыстық тамақ ішетін және жылынатын орындарда ғана 136 машина тоқтатылды. Трассаларды және облыс орталығындағы жол желілерін қардан тазалау жұмысы күшейтілген режимде жүргізілуде. Петропавлдық автокөлік иелеріне қазіргі жағдайға түсіністікпен қарап, коммуналдық қызметтерге жолдарды қардан тазартуға кедергі келтірмейтіндей, жол жиегіне қойылған көліктерін алу қажеттілігін ескертеміз.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру